» » Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым


Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым

Астана қаласы № 76 мектеп- лицей

Абдирова Ляззат Амановна

 
Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым

Бастауыш сынып мұғалімі

 

«Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым »

Тәрбиелік мақсаты: Оқушыларға 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында жазықсыз қыршын кеткен құрбандарды қашанда құрметпен еске алу керек екендігін баяндау, оқушыларды қазақ еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, туған жерін, Отанын сүюге шақыру, қалыптасып қалған әкімшілік-әміршілдік тоталитарлық режимге қарсы бас көтерген қазақ жастарының ерлігін құрмет ету.
Дамытушылық: Оқушылардың дербес жұмыс істеуін, сөйлеу қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізуге, тарихи фактілерді саралап олардың себеп-салдарын анықтауға, тарихи оқиғаларды есіне сақтауға дағдыландыру.

Түрі: Сыныптан тыс ашық тәрбие сағаты

Әдісі: Өлең, сахналық көрініс көрсету

Көрнекіліктер: Баспасөз материалдары, «Қазақстан тарихы» оқулықтары 2007ж, Алматы мектеп, «Білім» ғылыми педагогикалық журнал №1, 2001ж, Желтоқсан оқиғасына байланысты слайд.

Тәрбие сағатының жоспары:

1. Кіріспе
2. Негізгі бөлім
а) 1986 ж 16 желтоқсан оқиғасының барысы
ә) Сахналық көрініс (жастардың алаңға шығуы)
Желтоқсанда - мұзда жанған алауым,
Желбіретті Тәуелсіздік жалауын!
б) Қайсар рухты қазақ баласы
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
в) Халық ұлына құрмет
3. Қорытынды бөлім

Тәрбие сағатының барысы:

1. Кіріспе
Мұғалім сөзі: Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ұмытылмайтын себебі ол оқиғалардың халық тағдырымен байланыстылығында. Қоғам құрсағында жетілген қайшылықтардың салдары ретінде көрінген мұндай құбылыстардың талайы тарихтан белгілі. Соның бірі, дүниені дүр сілкіндіріп тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.
Халқымыздың тәуелсіздігі, егемендігі жолында өз өмірлерін қиған құрбандардың рухына құрмет көрсету исі қазақ азаматтарының игі борышы.
1-жүргізуші: Құрметті Ұстаздар , мектеп оқушылары және қонақтар!
16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған
«Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым» атты ашық тәрбие сағатымызды
бастаймыз.
Тәуелсіздік - еліміздің өз алдына шаңырақ көтеріп, ешбір елге, ешбір мемлекетке тәуелсіз, дербес Қазақстан Республикасы болып құрылуына байланысты ұғымды білдіреді. Тәуелсіздік – теңдік, бостандық, еркіндік, бүкіл адамзат баласының қаншама мыңдаған жылдар бойы аңсаған арманы, мақсаты, ұраны болып келе жатқаны белгілі.
Елге айналдың Отаным, есімі ұлы,
Аштың әлем халқыңа есігіңді.
Зорға жеткен ардақтап осы ісіңді,
Түзе, халқым, салтың мен бесігіңді.
Құлақ кесті құл емес,қазақ тіпті,
Сезінетін шақ туды азаттықты.
Отаншылдық бір айтып көтерілсін
Толқынындай теңіздің ғажап, күшті.

2-жүргізуші: Тігілген соң Ақ Орда-шаңырағың,
Тұғырыңа қонуда сан қыраның.
Отан деген оранып от құшаққа,
Кәусарыңа шөліңді қандырамын.
Сенен ғана өрбиді күш, жыр-әнім!
Қазақстан, о, менің құт тұрағым
Жер шарына қазақтың халық атын.
Тәуелсіздік туымен ұқтырамын!

1-оқушы: Желтоқсан айы...
Кешегі дүркіреп өткен 1986-шы жылына дейін дүйім қазақ үшін желтоқсан атауы, және бір қыстың атауы еді. Кейін бұл сөздің мән-мазмұны да, құлаққа жетер әуені де мүлде өзгерді.
«Желтоқсан» десе – ақ, әрбір қазақтың көкірегінде небір көріністер қоздап қоя беретін болған. Ең алдымен «Желтоқсан желі» немесе «Қарабауыр қасқалдақ» деген мұңды да асқақ әуеннің сарыны алыстан талып естілер еді.
2-оқушы: Себебі, бұл әндер, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадағы» «Елім-ай» секілді, әлдеқашан «Желтоқсан оқиғасының» халық арасындағы әнұранына айналып кетті.
Сонда да, ән-әуенмен қоса, мәңгі көкірек көзінде қалған көріністер шұбырып өтуі хақ. Үрейлі үкімет үйі. Оны қоршай, толқыған ызалы қыз-жігіттердің жігерлі келбеттері Оларға қадалған суық көздер мен мейірімсіз пішіндер... одан кейін темір киімдер киіп, келтек ұстағандар мен жалаңаш қол жастардың сарт-сұрт айқасы...
Адам жегіш иттердің арсылы, шашынан сүйреген қазақ аруы, басынан қан шапшып ыңырси құлаған қазақ бозбала...
Ә. Тінәлиев. Ән «Желтоқсан желі»
Орындайтын: Вокалдық топ
СЛАЙД № 2 «Желтоқсан 1986»
3-оқушы: Иә, ол күн Тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986 жылдың 16 желтоқсаны еді. Таңартеңгі сағат 10-да Республиканы үздіксіз басқарып келген Д.А.Қонаевты қызметінен босатылып, орнына Г.В. Колбин ешкімнің пікірінсіз-ақ ұсынылған еді.

4 – оқушы: Осы кезде аяқ астынан Пленум болатындығы туралы хабар – сыбыс тез тарады. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Пленумы 1986 жылғы 16 желтоқсанда өтті. Пленумда Д.А. Қонаев жолдасты зейнеткерлікке шығуына байланысты Республика Компартиясы Орталық пленумында бірінші хатшысы қызметінен босатты. Оның орнына сол уақытқа дейін Ресей Федерациясында Ульянов облыстық партия ұйымын басқарған Г.В. Колбинді сайлады.
5 - оқушы: 1986 жылы желтоқсанның 17 жұлдызында бүкіл елді дүр сілкіндірген ғаламат оқиға болды. Бұл кеңес өкіметі тұсында бұрын – сонды кездеспеген құбылыс. «Алматыда демонстрация», «Брежнев алаңында қаптаған жұрт», «Көшеде сап түзеп бара жатқан жастар» деген лебіздер ескен желдей гулеп тарап жатты. Елеңдеген ел түсіне алмай дал болды.
6-оқушы: Республика жұртшылығының өмірлік мүдделеріне қатысты мәселені шешудегі Орталықтың әділетсіз әрі өктем бұл қадамы қорланып қалған халық наразылығының жанартаудай атылып сыртқа шығуына түрткі болды.1986 жылы 17 желтоқсан күні таңертең Алматының Брежнев атындағы алаңына халық жинала бастады.Кешке қарай жиналғандардың саны шамамен 25-30 мыңға жетті.
Жиналған көпшілік республика басшылығындағы мұндай өзгерісті Д.А. Қонаевтың өзінің келіп түсіндіруін талап етті. Орталық аландағы жағдай бірден Мәскеудегі Бас хатшыға және басқа билік орындарына баяндалды.
Өз ретінде билік алдына қатаң тарамайтындықтарын қойған бейбіт шеруге жиналушылар нанымды жауап алмайынша алаңнан тарамайтындықтарын мәлімдеді.
7-оқушы: Аңғал сеніммен алаңға шыққан бейкүнә қыз-жігіттер «контрреволюционерлер»емес еді.Олардың ойы халықтың құқықтары мен көкейтесті мәселелері туралы сөз жүргізу еді. Алайда оларды бір қолында шоқпары, бір қолында қалқаны бар қарулы, сақадай-сай әскерлер қарсы алды. Бейбіт шеруге шыққан жастардың бейбіт тілегі ағаш жаңқасындай быт – шыт болып ұшып жатыр.
Үкімет үйінде жастар шеруін қуғындау үшін астыртын «Құйын-1986» дейін оперативті жоспар құрылып жатты. Ал алаңдағы жастар жайбарақат еді, аңғал еді, алаңсыз еді.
8-оқушы: Құрамында қазақ ұлтынан ешкімде болмаған бұл штабтың жұмысын КСРО ішкі істер министрінің 1-ші орынбасары генерал полковник Б.К. Елисев басқарды. Штабтың қарауына шамамен 20-25мың адамнан тұратын Алматы гаризонының КСРО ішкі істер министрлігінің Алматы облысында, сондай-ақ Фрунзе,Ташкент, Челябі, Новосібір, Уфа, Свердловск , Тбилиси қалаларында орналасқан арнайы ұшақтармен Алматыға алдырылған әскери күштері берілді. Әскерилерге қарусыз шерушілерді қуып таратуға қажетті қару жараққа қосымша 15 БТР, 20 өрт сөндіруші машина берілді. Милиция және әскер құрамаларына саны 10-15 мың шамасында темір сойылдармен қаруланған «жасақшылар» көмектесті.
Әні: Ш.Қалдаяқов
Сөзі: Ж.Нәжімеденов «Менің Қазақстаным»
Осы кезде «Менің Қазақстаным» әні айтылады. Жастар теңселіп тұрып әнді ерекше бір шабытпен орындайды.

СЛАЙД № 3 «Жастардың алаңға шығуы»

Көрініс «№ 1»
Алаңға шыққан жастар бейбіт, жайбарақат еді . Қолдарында «Әр халыққа-өз көсемі !», «Лениндік идеялар жасасын!», «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!», «Қазақстан қазақтардікі», «Ресейге қайт», деген транспоранттар бар.
(Сахна алдына ержүректі желтоқсан батырлары шыға бастайды)

СЛАЙД № 4 «Желтоқсан құрбандары» (Қайрат,Ләззат, Ербол, Сәбира суреті)

Дауыс: Естідіңдер ме?
Бұл не масқара! Неге халықпен санаспайды? Қашанғы шыдаймыз. Ең болмаса өз ішімізден неге сайламаған? Ел қамын біз ойламағанда, кім ойлайды?

Дауыс: Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып, түсіндірсін барлық жайды!
Дауыс: Қазақстаннан адам табылмады ма? Қазақстанға басқа жерден басшы келгені несі?
Дауыс: Талап-тілекті айтамыз. Шықсын ортаға басшылар.

Ербол:Демократияны бұғаудан босатыңдар,
Әр халыққа өзінің көсемі керек...
Ләззат: Сүрмейтұғын болдық қой күйме ғұмыр,
Көлеңкеміз. Күннен де тимейді нұр.
Колбин деген кім екен, қайдан келген,
Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл?
Сәбира:Бұл дегенің ҚКП-да беделдің қалмағаны,
Тілің құрып барады білесің бе?
Хасен: Ескерусіз дін жатыр сүресінде,
Қақпақ қойып ауызға, көзді байлап,
Санаспайды, әй, бұлар тегі ешкіммен,
Жариялылық дегенің елес білем.
Гүлнәр: Өгей қозы біз болдық енемізге,
Келімсектер шықты ғой төбемізге.
Ақиқат жоқ, маңайың толған аныз,
Жүр екенбіз тұманды жолда нағыз.
(Алаңда ешкім қозғалмайды)
Бар болғаны осы еді қылмысымыз,
Савицкий көрген жоқ бір кісіміз.
Кейін соның қазасы таңылғанда,
Аң-таң болып, қан жылап тұрды ішіміз.
Темір құрсау біздерді бүргені шын.
Мұң шағады қапаста кімге құсың,
Ақ-қараңды тексерер түрме деген
Концлагерь болды ғой біздер үшін.
Прокурор: Балалар! Уа, балалар! Мен Республика прокурорымын. Тарқаңдар! Жатақханаларыңа қайтыңдар! Ұят болады! Біз сендерге күш қолданамыз! Үйлеріңе қайтыңдар!

Әскери адам: Первая рота! Слушайте мою команду! Производится операция
«Құйын». Немедленно разогнать экстремистов и хулиганов! Первая рота за мной! УРА!
Осы кезде алға сырттан қаруланған әскери адамдар баса-көктеп кіріп, алаңдағы жастарды ұрып-соға бастайды (Қаралы музыка ойнап тұрады). Қарулы әскер сахнадан жаралы қыздар мен жігіттерді біртіндеп сүйретіп, жұлқылап әкете бастайды. Бет-аузы қан, ұзын шашы жайылып бетін жапқан жас қазақ қызын екі әскери солдат сүйреп келді. Қыз жұлқынып, халыққа қарап ышқына сөйлейді:
- Әй, туғандар! Жігіт болсаңдар шығыңдар бері қарай!
Қосылыңдар біздің қатарға!
Осы кезде қарулы милиционер қыздың көк желкесінен шоқпармен ұрып қалады. Қыз сылқ етіп, есінен танып түседі.
Жүргізуші: Міне өмірден тағы бір қыршын жас қыздың көк желкесінен шоқпармен осылай кеткен еді. Алматы музыка училищесінің студенті Ләззат Асановаға өзін-өзі өлтірді деген өтірік жала жабылған еді. Тексере келе Ләззаттың да алаңда болғаны анықталды.
СЛАЙД № 5 «Қайсар рухты қазақ баласы» (Қайраттың суреті)
Жүргізуші: Иә, тарихта бұл «Желтоқсан-86» деген атпен мәңгі қалады.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты - құрбандық»
Атам десең атыңдар!

Көрініс № 2
Сахнаға Қайраттың інісі Талғат жүгіріп келеді, қолында хат болады.
Талғат: Апа, апа, Қайрат көкемнен хат келді.
Анасы: Рас па? Құлынымның хаты ма? Әкелші, өзін көрмесем де, хатын оқып мауқымды басайын.
Осы кезде жарық түрмеде отырған Қайратқа түсіріледі. Хат оқылады.
Қайраттың хаты:
Амансыздар ма, анам, туған-туыстарым! Менің нақақтан абақтыда отырғаныма Сіздер сенеді деп ойлаймын. Жасақшыны ұрды, өлтірді деген жалаға сене көрмеңіздер. Алаңда, жатақхана жанында ұсқыны суық жасақшылардың жиналған қазақ жастарын ұрып-соғып, бейкүнә қыздарды шашынан сүйреп, қорлағандарын көріп шыдамадым. «Еруліге қарулы» деп мен де топ ішіне кіріп, көмектесуге ұмтылдым.
Менің де, сол күнгі алаңға шыққан қазақ жастарының да еш кінәсі жоқ. Алаңға барғанымыз – азаттық іздеп барғанымыз. Біз ұлтшылдықтың үлгісі емес, «ұлтжандылықтың» үлгісін көрсеттік. Қазақтың бостандық алар күні алыс емес! Аман болыңдар!
Ана: Ұлым менің! Сен әлі жиырма бірдесің. Аман болсаң, бір жерден шығатын алмастай өткір жігіт боларсың деп үміт күтеді сорлы анашың...

1-жүргізуші: Қайратты 1987 ж. 1 қаңтар күні үйінде жаңа жылды тойлау үстінде тұтқындаған еді.

СЛАЙД № 6 «Ақынның жан сыры» (Қайраттың суреті)

Көрініс № 3

(Түрме іші, темір тор 2 жендет Қайратты сұраққа алып келеді, тергеуші жауап алады)
Тергеуші: Сен 18-і күні сағат 10-да қайда болдың?
Қайрат: Жолдастарыммен бірге.
Тергеуші: Жоқ, Сен Сәтпаев пен Мир көшесінің қиылысында Савицкийді соққыға жықтың, соның нәтижесінде ол қайтыс болды! Сен кінәлісің оған!
Қайрат: Сөйлесем дауысым жетпейтін
Кез болдың мынау заманға,
Шовинизм еді ғой,
Басты себеп жалғанға.
Елбең, елбең жүгірген
Ебелек отқа семірген.
Арғымақ мінген жаратып,
Ақсауыт киген темірден,
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр.
(Әрі-бері жүреді, өзімен-өзі сөйлесе халыққа қарайды)
Қайраттың туыс – бауырларына арналған өлеңдерінен үзінді
Қайрат: Әкетай-ау, пайғамбардай жасың бар,
Туа бермес сіз секілді асылдар.
Қартайғанда жүрегіңді жаралап,
Кесір болды-ау біз секілді масылдар!

Айналайын, қарындасым, қарағым,
Қолда кісен, мен айдауда барамын.
Қайғы жетіп, азап тартқан ағаңды,
Айтшы, жаным, қандай жанға баладың?

Айналайын, інішегім, құлыным,
Сені ойласам үзіледі жұлыным.
Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай,
Кетіп барам мен айдауда, құлыным!

Қайрат Рысқұлбеков.
Жүргізуші: Бұл Қайраттың өлеңдерінен үзінді.Өмірге құштар ынтық жүректің соңғы лүпілі.Жан сыры, соңғы үміті.Өкініш пен өтініш...

СЛАЙД № 7 «М.Шахановтың суреті»

8-оқушы: Қазақ КСР Жоғары Кеңесі төралқасының Алматыдағы 1986 жылы желтоқсанда болған оқиғаларды тексеру комиссиясының төрағасы М.Шаханов мынадай мәліметтер келтіреді: «Желтоқсан оқиғаларына қатысқан 8500-ге жуық адам ұсталып, жазаға тартылды. Толық емес мәлімет бойынша 1720 адам жарақат алды. Су шашқаннан, жер бауырлатып жатқызғаннан, қала сыртына апарып тасталғаннан ауырған адамдар есепке алынбады. ІІМ жүйесінен 1200 адам жұмыстан қуылды. 12 жоғары оқу орындарының ректорлары орындарынан түсіріліп, 246 студент оқудан шығарылды. 99 адам сотталды,соның 46-сы кейін ақталды. Оның екеуі өлім жазасына кесілді».

СЛАЙД № 8 «Қайраттың сот залында тұруы»

Көрініс № 4 ( Тергеуші Қайраттан сұрақ алып отыр)
Тергеуші:сен өзіңнің Савицкийді өлтіргеніңді мойындайсың ба?
Жоқ па?
Қайрат: Жоқ, мен Савицкийді көргенім жоқ!
Тергеуші: Ақымақ! Әкетіңдер, атыңдар, көзін құртыңдар!(Қайратты алып келеді, алып кетеді).
Сахна ортасына милиция бақылауындағы Қайрат келеді. Шымылдық артынан сот хатшысының «Орындарыңыздан тұрыңыздар, сот келе жатыр» - деген даусы шығады.
Үкім: Қазақ КСР Жоғарғы сотының сот мәжілісі залындағы ашық сот отырысында 1987 жылдың 25 мамырынан 16 маусымына дейін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтің айыптау ісін қарай келіп, Қазақ КСР Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 287,299 және 301баптарына сәйкес сот алқасы Үкім етеді:»
Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков кінәлі деп танылып мынадай қылмыстық жазаға тартылсын:
-Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 60-бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан, 65 бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 173 - 1 бабы бойынша ең жоғары- өлім жазасына, атуға кесілсін.
Қайрат: Күнәдән таза басым бар,
21-де жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты- құрбандық»
Атам десең- атыңдар!
(Қайратты сүйреп әкетеді)
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы.
1986жылғы Алматы оқиғасының белсенді қатысушысы, айыпкер Қ. Рысқұлбековтың өтінішін қарай келіп, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 23.04 1988 жылғы №8836-XІ Жарлығымен Қ. Рысқұлбековке кешірім жасап, ату жазасын 20 жылға бас бостандығынан айыруға ауыстырды.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы – А. Громыко.

Жүргізуші: Бостандық пен жарық сәуле үшін жан аямай арпалысып жатқанда, оның тағдырына бүкіл әлем құлақ түрді.
Шетелден келген көптеген пікірлерге байланысты, өлім жазасының 20 жылға ауыстырылуына сөзсіз ықпал болған еді. 500 күннен астам өлім камерасында өзегі талып, үміт пен үрей құшағында отырған Қайрат енді 20 жылға Свердловскіге айдалып бара жатып кенеттен Семейден бірақ шықты.

Халық ұлына құрмет.
9-оқушы: 1988 жылғы мамырдың 21 жұлдызында Семей түрмесінде жұмбақ өліммен қайтыс болған жерлесіміз Қайрат Рысқұлбековтің денесі Семей қаласының маңына жерленген. Сол кездері Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерлері жергілікті заң органдарымен бірлесе отырып, Бірлік ауылының басшыларын Қайраттың үй-ішіне, туған-туыстарына қарсы айдап салды. «Сендер барғанмен оның денесін көрсетпейді, керек болса өздеріңді атып тастайды» деп қорқытып бақты. Ақырында Қайраттың туыстарының атынан «біздің денесін алып кетуге жағдайымыз жоқ» деген жедел хат салдырады. Кейін Ноғайбай аға Семейге екі рет барып ұлының жерленген жерін әрең дегенде тауып қайтады. Мәрмәр тасқа Қайраттың бейнесі бейнеленіпті де, былай деп жазылыпты:
«Қайрат Рысқұлбеков
13.03.1966 ж.
21.05.1988 жылы әкімшілдік-әміршілдік жүйеге қарсы күрестің құрбаны, желтоқсан 1986 .
Ал, тақтатастағы:
«Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты- құрбандық,
Атам десең, атыңдар...» деген өлең жолдарын оқығанда көзімізге еріксіз жас алдық.
10-оқушы: Қайрат қазақ елінің 21-ші басшы зобалаңына ұшырап, 21 жасқа келгенде, 21 сот алдында нақақтан шырылдап Семей түрмесінің 21 камерасында, 21 мамыр күні қапылыста дүниеден өтті.

СЛАЙД № 9 «Қазақстан Республикасының Президенті»

Мұғалім сөзі: ҚР Президентінің Жарлығы бойынша Қайрат Рысқұлбековке 1996 жылы желтоқсанның 9-да жоғарғы ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы беріліп – Алтын Жұлдыз тапсырылды. Желтоқсанға қатысушыларға деген айрықша құрмет болды.

Халық қаһарманы атында:
Алматы,Семей қалаларындағы орталық үлкен көшелердің бірі Қайрат есімімен аталды.
Жетісай қаласындағы орталық мәдени – демалыс паркіне Қайрат Рысқұлбеков есімі берілді.
Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы, «Қоңырат» совхозы 1-бөлімшесіндегі орталау мектептің дружинасы Қ. Рысқұлбеков есімі берілді.
Жүргізуші: Міне биыл сол азаттық таңның арайлап атқанына 18 жыл толмақшы.1991 жылы 1 желтоқсанда республика жұртшылығы тұңғыш рет Н. Ә. Назарбаевты еліміздің Президенті етіп сайлады.
Жүргізуші: Пешенесіне жазылған аз ғана ғұмырдың соңғы сағатына дейін рахым күтіп, кім үшін мерт болуға тиіс екендігін сезе бастаған еді. Ол оқ қылмыс керге емес, тығырыққа тірелген қоғамның бар шындығын теріс түсінген көзқарастарға арналған оқ еді.
Ақын М. Шаханов
Әр дәуірдің еркіне ай нарқы өзгерген алтынның,
Айналайын алтын әнім, жас өркені халқымның.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, жас қайраты, жас өркені халқымның!

СЛАЙД № 10 «Жаса, жайна тәуелсіз Қазақстан»
Мұғалім сөзі: 1986 жылы желтоқсан көтерілісі Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі жолындағы үдерістің дамуына жол салып берді. 1991 жылы 16 желтоқсанында Қазақстан шын мәніндегі тәуелсіз және демократиялық мемлекет болды. Алда саяси және экономикалық өзгерістер стратегиясын белгілеу міндеттері тұрды.
3. Қорытынды
Жүргізуші: Желтоқсан оқиғасы ешқашан көмескіленбейді. Себебі, тарихтан алар
орны ерекше оқиға.
Жүргізуші: Құрметті, Ұстаздар, мектеп оқушылары және қонақтар! Бүгінгі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік - қасиет тұнған ұлы ұғым» атты ашық тәрбие сағатымызды жабық деп жариялаймыз.
Зейін қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет!
(Осы кезде сахнаға қатысушылар шығып, «Туған жер» атты әнін орындайды.)
Соңы.

 

 

 


Автор: dauke | 19-05-2016, 22:42
Қарау саны: 2192
    
Жарнама

Пікір жазу
Сіздің есіміңіз: *
Эл.почта: *
Жартылай семіз Қисайған мәтін Сызылған мәтін Сызылған мәтін | Сол жаққа қою Ортаға қою Оң жаққа қою | Смайлик қою Сілтеме қоюҚорғалған сілтеме қою Выбор цвета | Жасырын мәтін Үзінді қою Таңдалған мәтінді транслитерден кирилицаға ауыстыру Вставка спойлера
Қауіпсіздік коды: Қауіпсіздік кодын көрсету үшін осы суретті қосыңыз
Жаңарту, егер код көріңбесе
Кодты енгіңіз: :