» » Кәсіби білікті маман даярлаудың алғышарттары


Кәсіби білікті маман даярлаудың алғышарттары

 

Атькен Ержан - Қарағанды политехникалық колледжінің оқытушысы

Мақаланың атауы: «Кәсіби білікті маман даярлаудың алғышарттары»

Қосымша мәліметтер: Adil-ansar82@mail.ru Тел: 87021101949

 Кәсіби білікті маман даярлаудың алғышарттары

 Жаһандану ғасырында, дүниежүзлік сан түрлі одақтар мен ұйымдарға кіру, әлемге танылу, төрткүл дүниенің алпауыт елдерімен тең дәрежедегі жан-жақты қарым-қатынаста болу ұлт тарихындағы қазақ мемлекеттілігінің тарихи жеңісі. Алайда қазіргі аласапыран заманда ұлттық сипатымыз бен таным түсінігімізді, салт–дәстүрімізді, мәдениетімізді сақтап қалу тәрбие мен білім ошақтарының ең өзекті мәлелелері екені анық.

Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру, яғни өркениет көшіне ілесу үшін бізге жан – жақты терең білім керек. Жалпы білім беру саласы, адамның білім деңгейінің көрсеткіші және оның тиімділігі, алған білімнің қысқа уақытта нақтылы пайдалы бағытта нәтиже беруі өте күрделі мәселе. Шынайы өлшемдерге салсақ білімділік салалық кәсіби білім мен жан-жақты, ізгі рухани ілімдерді бір арнада тоғыстыра білуімен өлшенуі керек. Білімді адам өзінің білгенін барынша насихаттап өзгелерге үйрете білсе, білгенін жетілдіре отырып ғылыми орта қалыптастыра алса, білімділік жалпылық сипатқа ие болып, олар белгілі бір ғылыми жетістікке қол жеткізетіні сөзсіз. Сондықтан, кәсіптік және жоғарғы оқу орындарында ғалымдар мен жас талапкерлерді ортақ іске жұмылдыру, кәсіби мамандарды даярлаумен қатар ұлтына, жалпы адамзатқа шыншыл қызмет ете алатын зиялы ұлт тұлғаларын, яғни ұлттық кадрлар шоғырын дайындау басты мақсат, негізгі міндет болуы шарт.

Бүгінгі таңда білім мен ғылым саласында түбегейлі реформалар жүргізіліп жатыр. Мақсат ғылымның әлемдік даму үрдісіне ілесу, оны игеретін және үлес қоса алатын білікті маман дайындау және кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды ел экономикасын алға сүйреуші салалардың төріне шығару арқылы мемлекетіміздің күш қуатын арттыру. Осы мақсаттарға жету үшін оқу орындарында маман даярлау мәселесі, оның қыр-сыры, ғылымның даму сызығының ең жоғарғы нүктесімен салыстырғандағы білімділік шкаласы, білім беру жүйесі жан-жақты сараланып, терең талдаулар мен қаржылық қолдауларды қажет ететін күн тәртібіндегі маңызды мәселе ретінде үнемі назарда болуы керек. Себебі, оқу орындарында жоғары дәрежедегі білім болуы үшін сол деңгейде қолдау мен бақылаудың болғаны ләзім. Біз сонда ғана білікті маман, қуатты мемлекет қалыптастыра аламыз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Өзіне өзі сын көзімен қарамайтын халық болашағына көп үміт арта алмайды» деген екен. Ендеше белгілі бір кәсіптік білім беретін оқу орындары қандай сипатта болуы керек оның қазіргі жетістіктері мен кемшілігі қандай деген сұрақтар төңірегінде ой қозғап көрейік.

Жалпы кәсіптік білім беретін оқу орындары туралы сөз болғанда ең бірінші оның материалдық жабдықталуы, яғни заман талабына сай оқу ғимараттары, озық технологияларға негізделген виртуалды зертханалық ғылыми зерттеу орталықтары, оқу құралдары т.б. сөз болады. Екіншіден, білім беру және сапа менеджмент жүйесі, білім сапасының мемлекет межелеген өлшемдер мен талаптарға, «Білім туралы заңға» сай келуі сараланады. Үшіншіден, оқыту сипаты, ғылыми ортасы, халықаралық қатынасы, оқытушылардың білім деңгейі, әлеуметтік жағдайы, кәсіби біліктілігі және оқыту әдістемелері назарға алынады.

Бірінші, жалпы кәсіптік техникалық білім беретін оқу орындарының материалдық-базалық жабдықталуы қазіргі заманғы өлшемдер мен қажеттіліктер тұрғысынан алып қарағанда қандай болу керек:

· кәсіптік білімі беретін оқу орындарында заманауи құрылыс талаптары негізінде салынған немесе күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, жол қатынасына қолайлы жерде орналасқан оқу ғимараттары болуы керек;

· қажетті құрал - жабдықтармен толықтай жабдықталған виртуалды зертханалық сыныптар мен ғылыми зерттеу орталықтары болуы керек;

· барлық оқушылардың қол жетімділігін қамтамассыз ете алатын барлық қажетті оқулықтар жинақталған кітап қоры бар үздіксіз жұмыс істей алатын кітапхана жүйесі болуы керек;

· жоғары жиіліктегі әлемдік ғаламторға қосылған, заманауи үлгідегі компютерлік құралдармен жабдықталған ақпарат орталығы болуы шарт;

· денешынықтыру, сауықтыру кешені және оқушылардың сұранысын толық қамтамассыз ете алатындай барлық жағдайлар жасалған жатақхана, асхана, емхана және басқа да қызмет көрсету орындары болуы керек.

Екінші, кәсіптік техникалық білім беретін оқу орындарының сапалық деңгейін айқындайтын білім беру және сапа менеждмент жүйесі қандай деңгейде болса, онда білім алған болашақ мамандардың кәсіби біліктілігі сол деңгейде болмақ. Білім беру ісі қандай сипатта болуы керек:

· еліміздің көптеген кәсіптік білім беретін оқу орындары белгілі бір салаға бағытталған ғылыми зерттеуге, шығармашылық еркін ойлауға және жаңа технологиялармен жұмыс жасауға негізделген, оқушылардың білім деңгейін әділ бағалау мен білікті оқытушыларды іріктей отырып, әлемдік білім бәсекесіне түсуге қабілетті кәсіби маман дайындауға бағытталған кредиттік оқыту жүйесіне толық көшуі ләзім және бұл жүйе жоспарланған көрсеткіштерге сай жұмыс істеуі керек;

· білім беру қызметінің нәтижелі, сапалы болуын қадағалайтын білім беру жүйесіндегі жетістіктер мен кемшіліктерді талдай отырып, тың жұмыстар жасауға, оқу үрдісінде жаңа жобаларды жасап, оның нәтижесін тікелей тәжірбие жүзінде тексеріп, талдау арқылы педагогикалық зерттеулердің тұғырлы тұжырымдамасын айқындауға және қолданбалы ғылымның жаңа бағыттарын жетілдіруге, жалпы білім сапасының жақсаруына, берілетін білімнің ғылыми тетіктерін іске қосуға бағытталуын бақылайтын сапа менеджмент жүйесінің жұмысы екпінді болуы керек;

· белгілі бір мамандық түрін дайындайтын барлық кәсіптік білім беретін оқу орындарының оқыту жоспарын, әдістемесін дамыған елдердің жетістігі нақтылы дәлелденген білім беру әдістемелерімен үйлестіре отырып пайдалы ұсыныстарды іріктеп алып, оны кәсіби мамандар мен сол саладағы ғылыми қызметкерлердің кеңесіне сала отырып, талдау жүргізу арқылы республика аумағында маман дайындаудың барлығына ортақ озық үлгісін жобалап керек, яғни білім саласындағы жаңашылдықты, оқытудың озық үлгідегі технологияларын интеграциялау керек;

· Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңы» оқушылар мен оқытушылардың тұтынушылық және қызмет көрсету аясындағы заңды құқықтарын толық қанағаттандыруы керек;

· антропоцентризм, яғни адамның қызығушылығын, ынтасын арттыруға, оның рухани интелектуалды дамуына, өзін-өзі басқаруға, жетілдіруге бағытталған және де ғылыми ізденіс жұмыстарының негізінің қалануына мүмкіндік туғызатын, әлеуметтік – экономикалық және кәсіпқойлық саладағы жаңалық енгізу метадологиясын меңгеруді қамтамассыз ететін иновациялық білім беруді жүзеге асыру керек.

Үшінші, жалпы кәсіптік техникалық білім беретін оқу орындарының ішкі жағдайы, яғни оқыту сипаты, оқушылар мен оқытушылардың оқу құрал-жабдықтарымен қамтамассыз етілуі, олардың әлеуметтік тұрғыдан алғанда толық қорғалуы сапалы білім алу мен білікті ұстаздар шоғырының қалыптасуына ықпал етеді, сонымен қатар алған білімін ұлт мүддесіне сай тәрбиелі бағытта орынды жұмсайтын саналы тұлға қалыптастырып шығарудың маңыздылығы өте зор. Осы тұрғыдан алып қарағанда негізінен төмендегі мәселелерге баса назар аудару керек:

· жалпы білім беру ғылыми кеңістікпен қатар ұлттық таным, мүдде және құндылықтар негізіндегі ұлттық идеологиямен, түбірлі ұстанымдармен және де тың, жаңашыл идеялармен ұштасып жатуы ләзім;

· мемлекеттік тіл – қазақ тілінің оқу үрдісінде еркін қолданылуына және ана тіліміздің тікелей сауатты білім беру, оқыту тіліне, техника тіліне айналуына, сонымен бірге ғылыми ойлау, жобалау дәрежесіне көтерілген ғылым тіліне айналуына жағдай жасалуы керек;

· «мемлекеттік тілде» ойлап, сөйлейтін топ өкілдерінің конституцияда жазылған заңды құқықтары сақталуы керек, яғни қазақ тобындағы оқушылардың толық қанды сапалы білім алуы үшін оларды ана тіліндігі қажетті оқулықпен және қазақ тілді оқытушылармен қамтамассыз ету керек;

· ақпараттық және комуникациялық технологиялар жүйесін, оқу материалдарын, ғылыми кітаптарды ғылыми негізде аудару, жалпы аударма мәселесін шешуге мүмкіндік беретін, жекелеген салалардың кәсіби мамандары мен ғалымдар тобынан, тәжірбиелі аудармашылардан құралған аударма ісімен айналысатын үлкен институт құрылуы керек;

· иновациялық қызмет көрсету кеңістігіне, интернет желісіне шығу мүмкіншілігін арттыру, қазақ тілінде тиімді ақпарат қорын жасақтау және оның таралу аумағын кеңейте отырып, тұтынушылардың ол ақпараттарды тұтыну мүмкіншілігінің қол жетімділігін толық қамтамассыз ету керек;

· дамыған елдердің беделді оқу орындарымен өзара қарым-қатынасты жүйелі түрде дамыта отырып, озық білімнің ғылыми түбірлері мен негіздерін, ғылым иелерін елімізге тарту арқылы ғылымның күрделі салаларының дамуын жеделдетіп қолға алу керек;

· жаңа әдістемелік жаңалықтарға негізделген прогресивті педогогикалық әдістеме, ой-пікір жетістіктерін ғылыми тәжірбиелермен ұштастыра отырып, ғылыми зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетіп, оның өндіріске енуіне жағдай жасау арқылы ғылыми қызметкерлердің статусын, әрекет ету потенциялын көтеру керек;

· оқушылар мен оқытушылардың әлеуметтік тұрғыдан алғанда (қол жетімді баспана, қанағаттанарлық шәкіртақы, еңбекақы) толық қорғалуын қамтамассыз ету арқылы білім беру мен білім алу белсенділігін, адам потенциялын күшейте отырып, олардың тұлғалық және әлеуметтік мәртебесін көтеру керек;

· ұстаздардың кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіру, білімді ғылыммен ұштастыру, кәсіптік білім беретін оқу орындарының жанында ғылыми зерттеу институттарын ашу, өндіріспен тікелей байланыс жасай отырып, студент білімін шыңдау және олардың ғылым немесе өндіріс саласында кедергісіз жұмысқа орналасып, жетекші күшке айналуы қатаң бақылауда болуы шарт;

· «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып жатқан жастардың үздік білім алуын, өркениетті елдердің озық технологиясын елге алып келуін және олардың отандық ғылым мен өндірістің өркендеуіне тікелей қатынасуын стратегиялық мақсаттар негізінде жүзеге асыру керек.

Кәсіптік білім беретін оқу орындары экономиканы алға сүйреуші салалық өндіріс мамандарын дайындайтындықтан оның оқу – әдістемелік жүйесі, материалдық – техникалық базасы үнемі ғылыми өндірістің даму қарқындылығымен бірге жаңарып толығып отыруы керек.. Көп жағдайда оқу үрдісінде ұсынылатын материалдар бұрын қолданылған қазір қолданыстан шығып қалған техникалық құрылымдық жүйенің шеңберінен шыға алмай жатады. Соның салдарынан оқушының алған білімі өндірістегі жаңа технологияны кедергісіз игеруге жеткіліксіз болып жатады.

Сондықтан арнайы кәсіптік пәндердің оқу жоспарын жасаған кезде өндірістің қолданыстағы жаңа жұмыс технологиясын меңгеруге бағытталған тақырыптардың көбірек болуын қарастыру керек және тәжірбие жүзінде жұмыс істеп дағдыланып толық үйрену үшін өндірістік тәжірбиелердің өз деңгейінде өтуіне жағдай жасап, қадағалау керек.

Оқытушыларды білім деңгейлерінің көтерілуіне мүмкіндіктер ашатын біліктілігін жоғарылату курстарынан өткізе отырып бәсекеге қабілетті жан – жақты білімді, ұстаздық тұлғасы толық қалыптасқан, шынайы білімі мен сол білімін ең оңтайлы әдіспен жеткізіп, оқушы психологиясын талдап өз бақылауында ұстай алатын, ұстаздық ету және басқару қабілеті толық қалыптасып жинақталған педогог деңгейіне көтеруге бағытталған жұмыстар үздіксіз жүргізілуі керек.

Көптеген оқу орындарына тән кемшіліктер немесе елеусіз қалып жүрген бір қызмет түрі – кәсіби менеджерлік қызметтің өз деңгейінде қалыптаспауы. Яғни, сапалы білім беретін оқу орындары мен білікті оқытушылардың білім беру жүйесіндегі табысты идеяларын, қалыптастырған мектептерін алып келіп оқыту жүйесіне енгізу, сонымен қатар өнеркәсіптермен байланыс жасау, дамыған елдермен халықаралық қатынасты дамыту тәрізді кез – келген қатардағы оқытушының мүмкіншілігі мен уақыты жете бермейтін күрделі істерді атқарушы қызметтің жоқтығы.

Кәсіби менеджердің негізгі жұмысы оқу орнының материалдық техникалық базасын заманауи жабдықтармен жаңартып толықтыру, оқыту үрдісіндегі соны жетістіктермен өзара алмасып, олармен таныстырып қамтамассыз ету болып табылады. Кәсіби менеджер басқа жұмыстарға тартылмай тек қана өзінің қызметімен жан - жақты айналысатын болса жалпы жаһандық білім беру саласындағы озық үлгілер мен әдіс – тәсілдерді, құрал – жабдықтарды, жасампаз жетістіктерді бір орталыққа шоғырландырып білім саласының сапасының көтерілуіне жол ашады.

Көптеген оқу орындарында бұл міндет толықтай белгілі бір қызметті атқарушы адамға немесе оқытушыға жанама ізденіс түрінде жүктелумен шектеліп қалады. Ал өзінің күнделікті ағымдағы жұмысымен қосарланған бұндай ізденіс жұмыстарына кез – келген оқытушы екінші кезектегі мәселе ретінде қарайды. Соның салдарынан, оқытушылардың жекелей алғандағы ізденіс жұмыстары көп уақытқа созылып кетіп, нәтижесіз аяқталып жатады. Мысалы, белгілі бір ғылыми шығармашылық жұмыспен айналысып жүрген оқытушы өзіне қажетті материалдарды табу кезінде немесе әртүрлі, шетелдік мекемелермен, оқу орындарымен байланыс жасау кезінде тіл білу, компютерлік ақпараттық ғаламтор жүйесін еркін пайдалану тәрізді қиындықтарға тап болып жатады. Осындай кезде бірнеше шет тілін еркін меңгерген дипломатиялық қарым - қатынас қабілеті шыңдалған, адамдармен тіл табыса білетін жан – жақты, нені қайдан іздеу керектігін білетін немесе бағыт – бағдар бере алатын тәжірбиелі маман иесінің көмегі өте керек.

Алысқа бармай – ақ Қазақстанның өз ішіндегі оқу орындарының арасында өзара тығыз байланыстың жоқтығын атап өтуге болады. Мәселен, бір мамандықты оқытатын көптеген оқу орындарының оқытушылары жасап шығарған қазақша оқу құралдарының өзара үйлесім таппауы, бір – бірімен алмасылмауы қазақша оқу құралдарының сапасы мен санының төмен болуына негіз болып отыр. Қазақ тіліндегі кәсіптік техникалық бағыттағы оқу құралдарының сапасының төмендігі қазақ тілінің грамматикасына сай келмейтін жүйесіз аудармалардан, түсініксіз терминдер мен тіркестерден анық байқалып тұрады.

Қазақша оқу құралдарының сапасыздығы және кәсіптік техникалық тілдік терминологияның бір ізбен аударылып дұрыс қалыптаспауы айналып келгенде қазақша білім берудің төмен болуына, түсініксіздігіне тікелей жол ашып беріп отыр. Осының барлығы өзара байланыстың жоқтығынан ортақ іске жұмылып әркет ету мүмкіншіліктерінің шектеулі болуынан және бақылау мен қадағалаудың нашарлығынан болып отыр. Осындай кемшіліктер болмау үшін барлық салалық мамандықтар бойынша ортақ терминологиялық сөздіктер жүйесін құрастыру керек. Кез – келген оқулық оқу орнының әдістемелік кеңесінде тіл мамандары мен кәсіптік мамандардың толықтай сараптауынан өте отырып, өзара келісіліп, қатаң сынақтан өту арқылы ғана басылып шығуы керек.

Қазақша сапалы оқу құралдары жазылып шығуы үшін міндеттеумен қатар ынталандыру жұмыстары қатар жүргізілуі керек. Егер оқытушы өзінің асықпай сапалы етіп жазған әрбір оқулығы үшін қомақты қаламақы алатын болса әлеуметтік мұқтаждықтарын өтеу үшін басқа жұмыспен айналыспай – ақ біржола осы оқу – ағарту саласында үздіксіз жұмыс істеуге уақытын арнап әрі соған бейімделіп жылдан жылға шыңдалып өсе берері анық.

Сондықтан, қазақша білім беру ұлттық мүде мен заман талабы екенін ескерсек ана тіліміздегі оқулықтардың саны мен сапасы барлық уақытта басты назарда болуы керек.

Қазақша оқу құрал - жабдықтары мен материалдық базаның жеткіліксіздігінен қазақ топтарындағы оқушылар мен жас оқытушылар көптеген қиындықтарға тап болып жатады. Оқушы өз білімін толықтыру үшін қазақ тіліндегі оқулыққа зеру болса, жас оқытушы мемелекеттік тілде сабақ өткізу үшін орысшадан аударма жасау арқылы сабақ жүргізеді. Қазіргі таңда бұл жағдай барлығы үшін қалыпты әрі орынды жағдай ретінде бағаланады. Ал шындығында тіл маманы емес техникалық саланы бітірген, жартылай орысша өскен, қазақтың бай тілінің уызына қанбаған, ана тілінде шала сауатты жас оқытушының тұшымды аударма жасай алуы қиындау екені айдан анық. Ол жас оқытушы бірнеше жыл аударма жасау арқылы қалыптасу кезеңінен өтіп барып, үздіксіз ізденіспен жұмыс жасаса ғана белгілі бір деңгейдегі сапалық көрсеткішке жете алады. Ал осы аралықта білім алған оқушылар мен басылып шығып кеткен сапасыз оқулықтардың зардабы келесі буын өкілдеріне тиері даусыз.

Қазақ тіліндегі оқу - әдістемелік жүйенің қауқарсыздығынан көптеген қаракөз бауырларымыз орыс мектептеріне түсуге мүдделі болып, орыс топтарында оқып жатыр. Ұлттық мүдде тұрғысынан алып қарағанда бұл үрдіс бізге кері ықпалын тигізіп отыр. Өйткені, орыс мектептері мен топтарында оқыған оқушылардың тәлім тәрбиесі, ұлттық сипаттағы ұстанымдары мен болмыстары мүлде бөлек қалыптасқан. Олар мейлінше ашық – шашық киінуге, еркін жүріп тұруға бейім. Ар – ұят, әдептілік сынды қастерлі ұғымдардың орнына демократиялық еркіндік, батылдық деген жалған ат жамылған халқымызға жат тұрпайы мінез – құлықтар күннен – күнге етек алып, жалпылық сипат алып бара жатыр.

Жалпы оқу орындарындағы тәрбие мәселесі терең зерттеу мен күрделі өзгерістерді күтіп тұрған ауқымды тақырып. Тәрбиенің сан қырлы жақтары бар. Оның ішіндегі ең негізгісі рухани тәрбие екендігі белгілі.

Рухани тәрбие дегеніміз оқушыны имандылыққа, адамгершілікке, адалдыққа, ұлтжандылыққа, әдептілікке және тәртіптілікке баулу деген сөз. Ал осы қасиеттерді өз бойына жинақтай алған кез – келген оқушы шынайы тұлға, нағыз маман иесі болып шығары сөзсіз.

Тәрбиелік сағаттардың негізгі мазмұны ұлттық дүниетаным мен ұлттық құндылықтарды игеруге, адамгершілік әлемі мен имандылық иірімдерінен нәр алуға сол арқылы жас ұрпақтың санасында өз Отанына деген құрмет сезімі мен жауапкершілігін арттыруға тікелей бағытталса. Тәрбиелік сағаттардың мазмұны тәжірбиелі білімді оқытушылардың және ұлттық психологияны терең меңгерген кәсіби білікті әрі терең білімді мамандардың көмегі арқылы бір үлгіде жасалынып үнемі толықтырылып жаңартылып отырса. Себебі, көбіне тәжірбиесі аз жас мұғалімдер мен техникалық саланың мамандары құрастырып жүргізген тәрбие сағаттарының нақтылы нәтижелері аз болып келеді. Ұлттық құндылықтарымызды жан-жақты насихаттамауымыздың салдарынан жастарымыз батыстың ашық мәдениетіне еліктеп өздерінің қазақы асыл қасиеттерінен алыстап барады. Осының бәрі тәрбие саласындағы кемшіліктердің үлесі деуге болады.

Телеэкрандар арқылы ұлттық рухани құнды дүниелер мен тәрбиелік мән-маңызы зор ән-жырлар, жыр-дастандар, термелер мен күйлер және қазыналы бабаларымыздың қалт кетпей тауып айтқан, намысыңды жанып көзіңді ашып айтқан қанатты ойларын жиі беріп отырса және де осындай тақырыптарда кездесулер жиі өткізілсе жақсы болар еді.

Сонымен қатар, жалпы білім беру кезеңдеріндегі әдебиет, тарих, философия сабақтарында оқушылардың ұлттық таным түсінік аясындағы рухани болмыстарының дұрыс қалыптасып дамуына тікелей ықпал еткен жөн. Тарих пәнін оқытқанда тарихи фактілердің тізбегімен оқытпай, халқымыздың өткен тарихының қайғы қасіретін, жеңісі мен жеңілісінің себеп – салдарын түсіндіре отырып, өз ұлтының қилы тарихына деген түсініктерін кеңейту арқылы оқушының ұлттық патриоттық сезімінің шыңдалуына жол салу керек. Ал әдебиет сабағында кеңестік кезең өлшеп – пішіп берген жүйе бойынша Хакім Абай сынды ұлттық тұлғалардың күз, қыс тәрізді бейтарап өлеңдерін оқытумен шектелмей алаштың арда туған дара тұлғаларының ерлік пен өрлікке, адалдық пен адамдыққа, рухани тереңдік пен ұлттық бірлікке үндеген терең ойлы, жалынды шығармаларын әр оқушының жүрегіне жеткізіп, бабаларымыздың асыл армандарын сол күйінде оқушының жанарында жаңғыртып, санасында сары алтындай қаттауымыз керек. Философияның мылжың тарихын оқытумен уақыт өткізбей әлемдік тұлғалармен және оларман қатар тұра алатын қазақтың рухани көсемдерінің қанатты ойлары, дуалы сөздері арқылы оқушының намысын жанып, ақылын алдаспанның жүзіне салып тұрып дана ойдың тамшыларынан жинақталған тұнық суға батырып, санасына сәуле құйып шын болаттай шыңдау керек. Сол кезде ғана өз-өзіне келген ақылын тоқтатқан, жас болса да бас болатын, білімді, өз ұлты үшін жанын құрбан ете алатын нағыз азаматтарды тәрбиелеп шығара аламыз. Себебі, осы күнге қалай жеткені мен ертеңгі күнінің қалай болатындығы толғандыратын әр оқушы сапалы білім алып, өзін - өзі тәрбиелеуге бағыт алады.

Бүгінгі таңда кәсіптік білім беру орындарының барлығы бірдей осындай талаптар мен нақтылы нәтижелі бағыттар бойынша жоғарғы деңгейде жұмыс жасап жатыр деп айта алмаймыз. Алайда осындай олқылықтардың орнын толтырып көптеген кәсіптік техникалық оқу орындарына үлгі боларлықтай екпінді әрі нәтижелі өзгерістер мен жаңғыруларға жол ашып келе жатқан Қарағанды политехникалық колледжінің басшылары мен ғылыми – әдістемелік кеңесінің жұмысын өте жақсы деңгейде деп бағалауға болады.

Жоғары да аталған сын пікірлер мен ұсыныстар өлшемімен алып қарағанда Қарағанды политехникалық колледжінің білім беру мен тәрбие бағытында көптеген оң қадамдар жасалды. Ең бірінші мүмкіндігінше жаңа иновациялық техникалық құрал-жабдықтар алынып, оқу үрдісіне тиімді енгізілді. Оқушылардың еркін шығармашылық жұмыстарына жан-жақты қолдаулар көрсетілді. Атап айтқанда, студенттердің конструкторлық бюросы ашылып, онда студенттер барлық мамандықтар бойынша оқу үрдісіне қажетті заттардың нұсқалық үлгілерін жасау мен өнертапқыштық бағытындағы шағармашылық жұмыстармен айналыса бастады. Сонымен қатар, әртүрлі үйірме жұмыстары ұйымдастырылып, оқушылардың талаптарын шыңдап, өз мүмкіндіктерін көрсетулеріне жол ашты. Оқушылардың теория мен тәжірбиені ұштастыруына, іштей жаңғыруына мүмкіндік бере отырып, оқушылардың оқуға деген ынталарын арттырды.

Қазақ тіліндегі оқу құралдарындағы техникалық тілдік терминологияның бір жүйеге түсіп, сәтті аударманың қалыптасуы үшін оқытушылар арасында кеңестер өткізіліп, сарапталып әр сөздің аудармасына қатысты ортақ келісімдер жасалды. Жас оқытушылардың оқу материалдарын қазақ тіліне аудару стилі мен грамматикалық тұрғыдан ұтымды болатындай сапалы деңгейде болуына көмектер көрсетілді.

Тәрбиелік жұмыстарының тақырыптары мен мазмұны жан-жақты сарапталып, оқушылардың санасына ең тиімді жолдармен ықпал ету бағыттары назарға алынды. Тәрбие сағаттарының негізгі тақырыптары бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер, яғни өркениеттің өрлеуі мен оның рухани тұрғыдан алғандағы құлдырауы, адамның жаратылғандағы мақсаты мен мына өмірдегі міндеті, оның рухани болмыс бітімі мен жауапкершілігі, Отаны мен ата-ана алдындағы парызы мен қарызы, имандылық, шынайы адамгершілік пен өмір сүрудің мәні туралы болып жинақталды. Әр тәрбие сағаттары оқушылардың сұранысы арқылы жоспарланса да белгілі бір ретпен жүргізілді. Мысалы, бірінші оның жаратылу мақсаты, Алланың құдіреті және оның разылығы мен қаһарына жол ашатын жақсылықтар мен жаман істер, қателіктердің зардаптары, жақсылықта жарысу, мәнді мағыналы өмір сүру тәрізді тақырыптармен жүйеленді. Аудио жазбалар мен бейне баяндарды қолдану арқылы оқушының көру, есту, сезіну, түйсіну қабілеттерін бір мезетте іске қоса отырып, оның ішкі әлеміне ерікті түрде ықпал етіп, оң бағытқа қарай өзгеруіне әсер етуге болатынын көрдік.

Біздің ендігі мақсатымыз – мемлекетіміз белгілеп жобалап жоспарлаған талаптар мен өлшемдер биігінен және жоғарыда аталған өзекті мәселелер мен маңызды шаралар шартынан шыға алатын ұлттық сипат пен ғылыми негіздегі іргелі оқу орындарын қалыптастыру және оларды шынайы бәсекеге қабілетті, ықпал ету потенциялы тегеурінді, таным түсінігі мен тәлім тәрбиесі толыққан шынайы тұлғаны шыңдайтын қауқарлы, мәдени әрі ғылыми орта мен ел экономикасын алға сүйреуші нақтылы пайдаға жарайтын кәсіптік білім беретін оқу орнына айналдыру.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 1. Қазақстан республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы. Астана, 2009 ж.

2. Қазақстан Республикасы ұлттық саясаты тұжырымдамасының жобасы. Алматы, 2010 ж.

3. М.С.Керімбаева. «Ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы мектептің рөлі». Астана, 2007 ж.

4. Б.И.Иманбекова. Тәрбиеге жетекші. Алматы, 2004.

  Қарағанды политехникалық

колледжінің оқытушысы ___________Атькен Е.А.

Автор: dauke | 3-06-2016, 12:12
Қарау саны: 2645
    
Жарнама

Пікірлер -
12


changeeMl - 7 шілде 2016 18:22
Поздравляю, замечательная идея и своевременно

---

Готовые квадрокоптеры здесь

Қолданушы offline jecbuiKt - 24 шілде 2016 22:54
Я извиняюсь, но, по-моему, Вы не правы. Давайте обсудим это. Пишите мне в PM.

---

православный интернет магазин правжизнь подробности...
--------------------
православный интернет магазин храм слово пишут

Пікір жазу
Сіздің есіміңіз: *
Эл.почта: *
Жартылай семіз Қисайған мәтін Сызылған мәтін Сызылған мәтін | Сол жаққа қою Ортаға қою Оң жаққа қою | Смайлик қою Сілтеме қоюҚорғалған сілтеме қою Выбор цвета | Жасырын мәтін Үзінді қою Таңдалған мәтінді транслитерден кирилицаға ауыстыру Вставка спойлера
Қауіпсіздік коды: Қауіпсіздік кодын көрсету үшін осы суретті қосыңыз
Жаңарту, егер код көріңбесе
Кодты енгіңіз: :