» » Алау еткен жүрегін Алаш үшін


Алау еткен жүрегін Алаш үшін

Алау еткен жүрегін Алаш үшін

Жылдар жылжып , ғасырға ғасырдан жалғасып жеткен сайын зиялылығы мен зерделігінің арқасында мыңдардың жадында сақталып, миллиондардың көз алдында көлбеңдеп көрінер көш бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, жүректерден ұмтылмас есімдер бар.Осындай заңдардың қатарында қашанда қалың қазақ халқы, һәм көзі ашық, көкірегі ояу көпшілік, асылдардын, ардақтыларын, алып тұлғаларын жатқызары белгілі. Солардың бірі , әрі бірегейі – «ғасыр саңлағы», ұлт көсемі, алаштың айтулы аймаңдай арысы, өз дәуірінің қоғамдық өмірдегі белсенді өкілі, қайраткер,заманының заңғар тұлғасы – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан.

Әлихан Бөкейханов тұлға ретінде кімді болса да қызықтыратыны сөзсіз.Оның жазба стиліндегі терең сараптамасына тәнті боласың.Қалжыңға кетәрі емес екендігін аңғарасың.Әлихан қазақ зиялылардың кемел бейнесі ғана емес, орыстың мәдениетін, қазақтың дәстүрін жетік меңгерген тұлға.

Қазақ халқының жолына тағдырын құрбандыққа тіккен Әлекеңнің таңғажайып ұйымдастырушылық кабілетінің тағы бір қырын айтып кетпеу мүмкін емес.Ол ғылымы кенжелеп қалған халықтың өскелең ұрпақ үшін оқулықтар әзірлеуді мақсаттас,ниеттес серіктеріне парыз етіп жүктеуі. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды.

 

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы фольклор жинау ұлттық сана-сезімнің оянуымен, алғашқы ұлттық зиялылардың қалыптасуымен тығыз байланысты болды. Сондай-ақ демократиялық көзқарастағы орыстың ғылымымен, әдебиетімен, музыкасымен таныс болған қазақ зиялылары өз халқының тарихына, өзіндік мәдениетіне назар аудара отырып, оны бүкіл әлемге таныстыруды мақсат етеді. Сол себепті тек өздері ғана халық ауыз әдебиетін жинап қоймай, бұл іске олар орыс ғалымдарын да тартуды мақсат етті. Соның нәтижесінде этнографиялық және фольклорлық материалдардың көп мөлшерде жиналуы іске асты.
Жалпы Ә.Бөкейхановтың ХХ ғасырдың басындағы қазақ фольклортану ғылымына қатысты жазылған 10 шақты еңбегі бар. Олардың бірі- табиғат құбылысы, жыл мезгілдері туралы космологиялық түсініктер мен жыл басы –наурыз айы туралы жазылған «Жаңа жыл» атты мақаласы; екіншісі- «Қара Қыпшақ Қобыланды» атты сын-мақаласы; үшіншісі- «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» атты жырларды өңдеп бастырған кітаптары; төртіншісі – белгілі зерттеуші А.Байтұрсынұлының жинап, өңдеп бастырған «Ер Сайын» мен «23 жоқтау» кітаптарын саралап, алғысөзін жазғандары бұлардың бәрі дерлік Ә.Бөкейхановтың «Қыр баласы» деген бүркеншік атымен жарияланған.
Ғалым Ә.Бөкейхановтың фольклорды халықтың мәдениет тарихының көзі деп қарағаны мәлім. Біз Ә.Бөкейхановтың алғашқылардың бірі болып, фольклордың көркемдік ерекшелігіне де баса назар аудартқанына көз жеткіземіз.
Ә.Бөкейханов 1923 жылы «Темірқазық» журналының №1 санында ғалым Ә.Диваевтың 1922 жылы жарық көрген «Бекет батыр», «Мырза Едіге» жырларын қысқаша талдап кетеді. Бұл эпостық жырларда сөз болатын оқиғаны, бейнелерді қазақтың белгілі бір тарихи кезеңімен байланыстыра, салыстыра қарастырады. Сөйтіп олардың тарихта болғандығын дәлелдейді. Және де бұларды мектепте балалар оқитын кітаптардың қатарына жатқызады.
Сөз соңында, ғалым, Ә.Бөкейханов ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ эпосы мен фольклорын ғылыми тұрғыдан зерттеген ғалымдарымыздың бірі болды. Ол қарастырған негізгі аспектілер: эпостың тарихилығы, қазақ фольклорының түрлері, шығу мезгілі, жыршы мен оның шеберлігі, қоғамдық ой-сананың жырда көрініс табуы, бейнелер, олардың атқарған идеялық қызметі, үлгінің көркемдік ерекшеліктері әлі де қазақ фольклортану ғылымында өз маңызын жойған жоқ, және сол дәуірдің жетістігі болып саналатыны сөзсіз.

Әлихан Бөкейхан— ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.

«Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр», - дейді белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай. Ол идеялар мыналар:
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.
Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Ал бұл идеялардың ұйтқысы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев дәл тауып айтқанындай, қазақ қоғамының Сун Ят сені мен Махатма Гандиі – ӘлиханБөкейханов болатын.
Сондықтан, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханов мұраларын зерделеу болашақ ұрпақтың әрдайым назарында болуы керек.

 

 Мусаханова Дидар Жанаткызы

Балқаш қаласы

№25 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп

Қазақ тілі пәні мұғалімі

Автор: dauke | 13-01-2017, 20:12
Қарау саны: 619
    
Жарнама

Пікір жазу
Сіздің есіміңіз: *
Эл.почта: *
Жартылай семіз Қисайған мәтін Сызылған мәтін Сызылған мәтін | Сол жаққа қою Ортаға қою Оң жаққа қою | Смайлик қою Сілтеме қоюҚорғалған сілтеме қою Выбор цвета | Жасырын мәтін Үзінді қою Таңдалған мәтінді транслитерден кирилицаға ауыстыру Вставка спойлера
Қауіпсіздік коды: Қауіпсіздік кодын көрсету үшін осы суретті қосыңыз
Жаңарту, егер код көріңбесе
Кодты енгіңіз: :