» » Күн жүйесіндегі Жер планетасы


Күн жүйесіндегі Жер планетасы

Жаратылыстану пәні мен «Өзін-өзі тану» пәнін интеграциялау

Тақырып: Күн жүйесіндегі Жер планетасы.

Құндылық:Ақиқат

Қасиеттер:Сүйіспеншілік, қайырымдылық.

Сабақтың мақсаты: білім алушылардың күн, күн жүйесі туралы түсініктерін кеңейте отырып, оның ақиқат екендігін ұғындыру.

Білімділік:күн жүйесіндегі аспан денелері, олардың мәңгілік ақиқат екені туралы білімдерін тереңдету;

Дамытушылық:күн жүйесі туралы дүниетанымдық көзқарастарын дамыту;

Тәрбиелік:табиғатпен үйлесімді өмір сүре білуге тәрбиелеу.

Сабақтың типі:аралас сабақ.

Сабақтың әдіс-тәсілдері: баяндау, сұрақ-жауап, іздендіру.

Сабақтың көрнекі құралдары:дүние жүзінің физикалық картасы, слайд, үн таспа, карточкалар.

Сабақ барысы:

1. Ұйымдастыру кезеңі:Амандасу, оқушылардың сабаққа қатысу деңгейін анықтау, 5 Т әдісі бойынша ынта-зейіндерін сабаққа аудару.

 Жағымды көңіл-күй орнатумақсатында тақырыптың мазмұнын ашуға арналған«Нұрға бөлену»(баяу үйлесімді әуенмен) жаттығуы орындалады.

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: күн Нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі Нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, көңіл-күйіңіз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы Нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз Нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз Нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар Нұр мен махаббат құралына айналды.

Одан әрі Нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көзімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей Нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте-бірте шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы Нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі Нұрға толсын.

Осы Нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне Нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен Нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын».

Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз...

Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.

Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.

Соңынан білім алушылар алған әсерлерімен бөліседі.

 2. Үй тапсырмасын сұрау: Берілген тақырып бойынша фронтальды сұрақтар қою арқылы үй тапсырмасын тексеру.

Сұрақтар:

1. Жаратылыстану ғылымы нені зерттейді?

2. Табиғат туралы ғылымдардың жиынтығы қалай аталады?

3. Жаратылыстану ғылымының басқа ғылым салаларынан ерекшелігі қандай?

 3. Жаңа сабақты оқып игеру жоспары:

1. Күн. Күн жүйесі туралы жалпы түсінік.

2. Күн жүйесіндегі Жердің орны.

Білім алушылардың назарын жарық көзі - күнге аудару. Күн барлығына ортақ. Риясыз. Қазақта бір керемет сөз бар «Күн ортақ, жақсы адам ортақ» деген.

1. Күн жүйесі және ондағы планеталар туралы не білеміз?

2. Күн жүйесін қандай жалпыадамзаттық құндылықтармен байланыста қарастыруымызға болады? Білім алушылар Ақиқатпен байланыстыруға болады.

-Дұрыс, себебі Ақиқат жалғыз. Күн жалғыз.

Күн риясыз сүйіспеншілік көзі.

-Дұрыс.

-Дұрыс байланыс жасадыңыздар.

Ақиқат – өмір қуатының өн бойынан өтетін парасатты мәңгілік барлық болмыстың бастапқы табиғаты.

Күн ақиқат, Жер ақиқат.

Шындық Ақиқатта жатыр.

Ақиқатсыз шындық жоқ.

Слайд арқылы көрсете отырып, жаңа сабақ туралы мәлімет беру.

Күн аспан әлеміндегі сансыз көп жұлдыздардың бірі. Оның жасы 5 млрд жыл шамасында.

Күн бетіндегі температура + 6000°С градусқа жуық, ал екінші жағындағы температура одан да көп. Табиғатта мұндай температура кезінде заттардың барлығы ерекше газ тәрізді күйде болады.

Қатты қызып тұрған зат жарық сәуле таратады.

Күннен шыққан жарықты адамның жан дүниесімен салыстырайықшы. Жан дүниесі таза адам әрқашан Нұр шашып тұрады.

Жарық секундына 300000 ш.ш.(км) жылдамдықпен таралады. Күннен шыққан жарық жерге 8 минут 19 секундта жететіндігі туралы айтылады.Слайд көрсету.Жарықсыз көру де жоқ, яғни ақиқатқа апаратын жол міндетті түрде жарық нұрлы жол.

Күн дегеніміз - температурасы өте жоғары, шар тәрізді аспан денесі. Жерден Күнге дейінгі қашықтық шамамен 150000000 ш.ш.(км.) Күн – Жерге өте жақын орналасқан жұлдыз. Күнді Жер айналып жүреді.

-Балалар, Күн жерге кішкене жақындап немесе алыстап қашықтығын өзгертсе не болады деп ойлайсыздар?

- Күйреу (катастрофа) болады. Сондықтан, осы мысалды адамдардың қарым-қатынасымен байланыстырсақ не болады?

- Ұрыс-керіс, кикілжің болады.

Күн дегеніміз - жұлдыз, балқып қызған керемет үлкен газды шар. Бұл күн жүйесіндегі жұлдыздардың ең үлкені. Күннің тарту күші зор болғандықтан барлық планеталарды өз орбитасында ұстап тұрады.

-Күн неліктен басқа планеталарды өзіне тартады?

-Ал, енді рухани тұрғыда Күнді риясыз сүйіспеншілік деп қарастырсақ, риясыз сүйіспеншіліктегі адамдарда өзіне тартады екен.

Планета – өзінен жарық шығармайтын салқын дене. Түнгі аспанда олар да жұлдыз сияқты жылтырап көрінеді. Олай болуының себебі, планетаның бетіне күннен сәуленің түсіп шағылысуына байланысты. Оқытушы: Өмірде адамдар арасындағы осындай құбылыстарды білесіңдер ме?

-Ия, оларға сөзі, ісі басқа адамдарды жатқызуға болады.

Планета – «кезбе жұлдыз» деген мағынаны беретін грек сөзі.

Планеталар да жұлдыздар сияқты белгілі бір орында тұрмайды, үздіксіз қозғалып аспан әлемін кезіп жүреді. Себебі, олар үнемі Күнді айналып жүреді.

2. Жер туралы не білесіңдер? (Жер – Күн жүйесіндегі планета. Оның пішіні шар тәрізді. Ол Күнді айнала және өз білігі арқылы қозғалады).

ЖерКүн жүйесіндегітоғыз планетаның бірі. Жер – әлем денесі. Оның әлемдегі орны:

Жер шары Күн жүйесі Галактика Галактикалар тобы Әлем (ғарыш)

Жер шары - Күннен бастап санағандағы үшіншіпланета, адамзаттың тіршілік ететін бесігі. Күн жүйесі – орасан зор жұлдыздар шоғырының (150 млрд. мөлшерінде) бір бөлігі, ол - Галактика деп аталады. Жерді қошаған бүкіл дүние – әлем немесе ғарыш деп аталады.

Күн жүйесіне: тоғыз ірі планета және олардың серіктестері, астероидтар, кометалар және метеор денелер енеді.

Жердің табиғи серігі –Ай. Ай Жерді 384000 км орташа қашықтықта айналады. Әлемдік дене ретінде Жер өз білігін айналады. Жер өз білігін бір тәулікте, 24 сағатта бір айналып шығады.

Жердің өз білігінен айналуы себебінен Жерде күн мен түн ауысса,ол күнді айналуы салдарынан Жерде жыл мезгілдері өзгеріп отырады. Осы күнгікосмогониялық түсінікбойынша Жер осыдан 4,5 млрд. жыл бұрын Күн айналасындағыкеңістікте шашыраған газ-тозаң заттан, планеталар тартылыс күшінің әсерінен пайда болған.

 4. Жаңа тақырыпты бекіту.

Слайд көрсету арқылы бүгінгі өткен тақырып бойынша сұрақтар қою.

1. Жерді зерттеген қандай ғалымдарды білесіздер? Олардың қандай еңбектері бар? (әл-Фараби, Әбу-Райхан-әл-Бируни, Николай Коперник...)

2. Жұлдыз дегеніміз не? Басқа да қандай аспан денелерін білесіздер?

(Жұлдыз дегеніміз–бірнеше мың градус температураға дейін қызып тұрған аспанның жарық денесі. Кометалар).

3. Күн жүйесінде қанша планета бар?

(Күн жүйесінде орбиталар бойымен айнала жүретін 9 планета бар).

 5. Шығармашылық жұмыс.Ойын.

«Мен табиғаттан не үйрене аламын?».

Күннің, жердің, айдың суреттері бейнеленген карточкаларды таратамыз. Білім алушылар бұл табиғаттың аталған әр бөлшегінен рухани-адамгершілік тұрғысынан жауап беруге ізденулері қажет. Мысалы, Күн – бұл риясыз сүйіспеншілік пен төзімділіктің белгісі. Күн барлығына бірдей, ешкімді түріне, түсіне, ұлтына қарап бөлмей, жарқырап өз жылуын төгеді. Адамдар үйлеріне кірген уақыттарда ол төзімділікпен, өзін қажет еткен жағдайда тез арада пайда бола қалу үшін есік сыртында күтіп қала береді. Біз күннен таза, риясыз сүйіспеншілікті үйренеміз. Таза махаббат барлығын бірдей сүйеді, оның ақысына ешнәрсе сұрамайды, ол төзімді, ол саған барлық уақытта Нұр сәулесін төгеді.

Жер– бұл өз міндетін мүлтіксіз, риясыз орындаудың үлгісі. Әр тәулік сайын жер өз білігін 360°С-қа айнала отырып, адамдарды күндіз жұмыс істеу үшін жарықпен, түнде демалу үшін қараңғылықпен қамтамасыз етіп отырады. Сол сияқты Жер де Күнді айнала отырып, жылдың әр мезгілін әкеледі, мысалы, күз мезгілін алсақ, ол адамдарды азықпен қамтамасыз ету үшін қажет. Біз Жерден адамдар үшін риясыз, мүлтіксіз қызмет ету міндеттерін үйренеміз.

Ойынды өткізіп болғаннан кейін білім алушылармен табиғатта кездесетін,құрбандық шеңберітуралы әңгімелейміз. Күн, Ай, Жер өздерін қызмет ету жолында құрбан ете отырып, адамдарға өз жылуын беріп, оның орнына ешнәрсені талап етпей, шаршамастан адам үшін қызмет етеді. Күн өз жылуын, жарығын Жер бетіндегілердің бәріне береді. Жер еш тынбастан, жыл мезгілдерін әкелуден шаршамай айналып тұрады. Өкінішке орай, қазіргі заманғы адамдар тек қана алуды ойлап,құрбандық шеңберіненшығып кететін жағдайлар кездеседі. Құрбандық шеңбері үзілген кезде, жер бетіндегі экологиялық мәселелердің пайда болуына себепші болады. Адамдарға бұл туралы ойлану керек және өзінің өмірін адамдарға, табиғатқа қызмет етуге, қайырымды істер жасауға арнауы қажет.

 6. Қорытынды.

Сабақты бүгінгі тақырып бойынша жеке сұрақтар қою арқылы қорытындылау:

1. Біз Күн жүйесіне жататын қандай денелерді білдік?

2. Планеталардың жұлдыздардан айырмашылығы неде?
3. Жердің Күн жүйесіндегі мәні қандай?
4. Жер қандай дене?
5. Жер өз міндетін құндылықтар (Ақиқат) тұрғысынан қарастырғанда қалай атқарады?

 7. Бағалау.

Білім алушыларды сабаққа қатысуларына, тапсырмаларды орындауларына, жауаптарының дұрыстығына қарай 5 балдық шкаламен бағалау.

 8. Үйге тапсырма:

Планеталардың адамзат өміріне қатынасы туралы қосымша мәліметтер жинақтап келу.

 9. «Соңғы тыныштық сәтi».

Жер-Анаға арналған мейірімді тілек жолдау:

Жер Анам!
Сұлулықтың белгісі
Өміріміз табиғатпен бірлесті,
Жүрек нұры!
Күн шуақпен жылынып,
Баршаға бақытымен бөлісті...

Білім алушыларға табиғат аясында болған сәттерінде осы сөздерді айта жүруге ұсыныс жасалынады.

Сабақтың соңында білім алушыларға бүгінгі сабақтан алған әсерлері мен түйінді ойларын естеріне түсіріп, ол өздерімен бірге қалу үшін жүректеріне сақтап алуды ескерту. Бүгін сіздер сабаққа белсене қатысып, жақсы ойларыңызбен бөлістіңіздер, сол үшін сіздерге рахмет айтамын.

Әр күндеріңіз қуанышқа толы болсын!

Автор: admin | 19-01-2017, 09:52
Қарау саны: 2554
    
Жарнама

Пікір жазу
Сіздің есіміңіз: *
Эл.почта: *
Жартылай семіз Қисайған мәтін Сызылған мәтін Сызылған мәтін | Сол жаққа қою Ортаға қою Оң жаққа қою | Смайлик қою Сілтеме қоюҚорғалған сілтеме қою Выбор цвета | Жасырын мәтін Үзінді қою Таңдалған мәтінді транслитерден кирилицаға ауыстыру Вставка спойлера
Қауіпсіздік коды: Қауіпсіздік кодын көрсету үшін осы суретті қосыңыз
Жаңарту, егер код көріңбесе
Кодты енгіңіз: :