» » Тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат


Тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат

Джанизакова Аккенже Джанизаковна
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
Маңғыстау гуманитарлық колледжінің
педагогика пәнінің оқытушысы
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат»
(Тарихи танымдық кеш)
Мақсаты: Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке жеткен кезеңдерін көрсету, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық сезімін ояту.
Мұғалім сөзі:
Желтоқсан айының 16–сын жыл сайын Қазақстан тарихындағы ерекше күн ретінде атап өту дәстүрге айналды. Өйткені бұл күн – халқымыздың өз ұлттық намысын қорғауға шыққан күн, қой аузынан шөп алмас, илегенге көнбес, момын атанған, әншейінде басы біріге қоймайтын халқымыздың жүрегіне батыр бабаларымыздың рухы дарып, бір жеңнен қол шығарып, көк темір құрсанған мыңдаған әскерлерге құр қолмен-ақ қарсы шығып, өр мінез, намысқойлығын әлемге танытқан күн. Бұл күн – желтоқсан оқиғасы кезінде жендеттердің қолынан қаза болған ұл – қыздарымызды еске алып, құран оқып, ас берер қаралы күн.
Бір минут үнсіздік жарияланады.
Кеш: Қазақстан Республикасының ән ұранымен басталады.
Кешті педагогика пәнінің оқытушысы Джанизакова Ақкенже Джаниковнаға ашып береді.
Жүрісі:
I. жүргізуші:
Жиырма үш жыл өтті
Еркін бір дем алғалы,
Орындалып мың жылдық ел арманы,
Тәуелсіздік жолында қанын төккен,
Бабаларым бұл күнді көре алмады.
II. жүргізуші:
Жиырма үш жыл өтті
Қамытым алынғалы
Азат ел боп әлемге танылғалы
Ата салтын ұмытқан қандастарға
Ана тілде сөйле деп жалынғалы.
I. жүргізуші:
Елге айналдың, Отаным, есімі ұлы,
Аштың әлем халқыңа есігіңді.
Зорға жеткен ардақтап осы күнді,
Түзе халқым, салтың мен бесігіңді.
Құлақ кесті құл емес, қазақ тіпті,
Сезінетін шақ туды азаттықты
Отаншылдық бір айбын көтерілсін,
Толқынындай теңіздің ғажап күшті.
II. жүргізуші:
Тігілген соң Ақ орда – шаңырағым,
Тұғырыңа қонуды сан қыраның
Отан деген оранып от құшаққа,
Кәусарыңа шөлімді қандырамын.
Сенен ғана өрбиді күш, жыр - әнім,
Қазақстан, о, менің құт тұрағым!
Жер шарына қазақтың халық атын,
Тәуелсіздік туымен ұқтырамын!
I.жүргізуші:
Қазақстан тарихының кезеңдерінен әр уақытта бөліп оқырмандарға түсінік береді. Біздің қалыптасу кезеңдеріміз хандықтардан Жәнібек пен Керей хандарынан бастау алады. XVII – XVIII ғасырда Жоңғар шапқыншылығына қарсы 150 жылға созылған азаттық күресте атақты билер мен батырлар Төле би, Қаз Дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай шықты. Бұл жылдары ұлан байтақ елімізге жан – жақтан көз тігіп, ойран салушылар көбейді. Қаннен – қаперсіз жатқан елімізге Жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, қалың жұртты қан жылатты. Дүрліккен ел шұбыра қашып, ақтабан шұбырынды болып, Алқакөлге бас сауғалады. Сол кезде тәуелсіздік үшін, жоғарыдағы хандар елді біріктіруге күш салды.
1. Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Елім – ай, елім – ай.
2. Қарындастан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Елім – ай, елім – ай.
3. Мына заман қай заман, қысқан заман.
Басымыздан бақ – даулет ұшқан заман.
Елім – ай, елім – ай.
4. Шұбырғанда ізіңнен қар борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.
Елім – ай, елім – ай.
II. жүргізуші:
Кешегі үш жүзді бір тудың астына жинаған Абылай хан тұсында төбе билеріміз қара бала, қара қазан қамы үшін сөз саптаған еді. Егемендік пен бірлік – Төле бидің толғауында, Қазыбек бидің қаз дауысында, Әйтеке бидің шешендігінде көрініс тапқан.

Төле би:
- Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол.
Бір үйдің атасы болма,
Бір елдің данасы бол.
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол.
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Өзегің талса өзен бойын жағала.
Басыңа іс түссе көпшілікті сағала.
Өзіңе - өзің кәміл бол.
Халқыңа әділ бол.
Жауыңа қатал бол.
Досыңа адал бол.

Қазыбек би:
- Біз қазақ – мал баққан елміз
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт – береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп
Найзаға үкі таққан елміз.
Дәм – тұзды ақтай білген елміз,
Досымызды сақтай білген елміз.
Асқақтаған хан болса,
Хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды,
Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.
Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын

Әйтеке би:
- Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін.
Бай болып елге пайдаң тимесе,
Батыр болып жауға найзаң тимесе,
Елден бөлек үйің күйсін.
Ендігі кезек группамыздың өнерлі аруы Ермағамбетова Ұлболсынды «Үш би» әнімен ортаға шақырамыз.
I.жүргізуші:
Бабалар арманы, бабалар үміті үзілген жоқ! Бірлігі, берекесі мол ел болуды армандаған кешегі Ахмет, Мағжан, Шәкәрім, Міржақып, Жүсіпбектер, Сәкен, Бейімбет, Ілиястарды да маңдайымызға сыйғыза алмадық.
II. Жүргізуші:
Бірақ қазақтың өр ұлдары мен өр қыздары көбеймесе, азая қоймапты. Оның айғағы – осыдан 23 жыл бұрынғы желтоқсандықтар болатын. Оның айғағы – дүниені дүр сілкіндіріп, әлемге қазақ деген атты әйгілі еткен Желтоқсан оқиғасы.
Күнсұлу:
1986 жылғы желтоқсан оқиғасына биыл 28 жыл толды. Алауға шығып өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына мұздай құрсанған солдаттар мен милиция қызметкерлері қарсы қойылды. Қыз – жігіттерді аяусыз таяққа жықты, түрмеге қамады. Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира сынды жаңа ғана бүршік атып келе жатқан жастарымыздың тал шыбықтай өмірін көктей үзді.
Қайраттың шындығы.
Қайрат:
Абай көшесімен келе жатқанымда екі қолында екі сөмкесі бар, жасы
40–45-тегі қазақ әйелінің «Самал» дүкенінен шыққаны сол еді, 2–3 милиционер тап беріп, жазықсыздан – жазықсыз шашынан сүйреп, лақтырып жібергенде, әйелдің басы асфальттың жиегіне тиді де, қолындағы сөмкесі ақтарылып қалды. Әйел затына озбырлық көрсеткендеріне шыдай алмай қуа жөнелдім. Бірақ олар ұстатпай, қашып кетті. Сол кезден бастап милиционерге деген ыза–кек кеудемді кернеп жатқан еді.
Содан да болар сол күні алаңда кездескен милиционерді кеудесінен итеріп жіберіп, ары қарай кете бердім.
Орындарыңыздан тұрыңдар, сот келе жатыр.
Тергеуші: Біз сенің милиция қызметкеріне тиістім дегеніңізді айтпаймыз. Сен одан да жасақшыны ұрдым де, ол жай қарапайым адам, сотта сенің жазаң жеңілденеді. Мойында!
Қайрат: Әкеліңдер, жазсам жазайын, бірақ мен адам өлтірген жоқпын (айқайлап). Менің бір ғана арманым бар еді. Арманым шындықты халқыма естірту. Менің арымның таза екендігін, адам өлтірмегенімді халық естімей, шынымен қылмыскер деп айыптайды – ау деп қорқушы едім.
Қымбатты әке, аяулы анам, қадірлі жұртым, менің ақ екеніме көздерің жеткен болар. Енді, міне, қазір атып жіберсе де арманым жоқ. Қазақ халқы үшін шалған тоқтыларың мен болайын. Сендер аман болыңдар!

Тұтқынға түстім жаутаңдай,
Жоламай ешкім қасыма.
Бара қалсаң сәлем айт,
Елдегі құрбы – досыма.
Абай туған жерінде,
Бомбысын атом жармасын.
Құлыптасты қиратып,
Өлігіңді қазбасын.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең, алыңдар.
Қайрат деген атым бар.
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты-құрбандық,
Атам десең, атыңдар!
Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.
Қош аман бол артымда,
Ағайын, туған азамат.
Артымда қалған ата – анам,
Ел – жұртым саған аманат.
М. Шахановтың сөзіне жазылған «Желтоқсан желі» орындалады.
Желтоқсан бірде,
Елтоқсан түрде,
Келетін мүлде
Жайдарлы.
Сол жылы бірақ,
Әдеттен жырақ
Көрінді шын – ақ,
Айбарлы!
Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені,
Желтоқсан желі ызғарлы.
Жоғалтып нуын,
Жоғалтып қуын,
Аралда суын тауысты.
Қаңырап мекен,
Аңырап бөкен,
Өріске бөтен ауысты.
Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені,
Желтоқсан желі ызғарлы.
Гүлнұр:
Тәуелсіздік оңайлықпен келмеді,
Бізге бұны ешкім аяп бермеді.
Тәуелсіздік – Қайрат, Ләззат, Ерболдың,
Тас көшеде тас – талқан боп өлгені.
Шалажансар қар астына көмгені,
Тәуелсіздік – ата – баба арманы.
Қандай елім бүгін, міне, көр мені,
Алаулайды мүмкін емес сөнбегі.
Айсұлу:
Тойланып мың мереке, ұлыс күні,
Құйылған шаңырақтың ырыс нұры,
Халқымның бақыты үшін аз байлық па,
Тәуелсіз еліміздің тыныштығы.
Жаңылсын:
Ішкі жау болғаныңнан қаппасын кеп,
Сыртқы жай пәле – жәле жаппасын тек.
Мен әркез отырамын Тәуелсіздік,
Қадірін білмегеннен сақтасын деп.
Меруерт:
Намысың найзағайдай жарқылдап бір,
Өр халқым дүниені даңқынды асыр.
Дәуірдің бастау алған жиырма бірі,
Еліме болсын дәйім алтын ғасыр.
Әсель:
Ешкімде өзіне ілмес ноқталыны,
Ешқашан ондай ұлттың жоқ тамыры.
Бабалар аңсап өткен кезге жеттік,
Қолдасын көк туымды қақ тәңірі.
Жадыра:
Арыстан елге Отан болған Тұран,
Тұранда қазағым да хандық құрған.
Алғашқы рет қазақта – Жәнібек хан
Тұранның талай жерін билеп тұрған.
Желтоқсандағы шындық
(Мұхтар Шаханов)
Шолпан:
Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның,
Айналайын жас Қайратым, жас өркені халқымның,
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың.
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, айналайын, жас өркені халқымның.
Ерте айтылды, сондықтан да келте айтылды бұл әнің,
Уақытыңның талабына дөп келсе де ұраның.
Уақытыңның әділетсіз соққысынан құладың.
«Нашақор» деп, «маскүнем» деп айыпталдың ұланым,
Саған жапқан сол жаланы естіп үнсіз тұрғанша,
Керең болып қалмады екен, неге менің құлағым.
Айналайын, айналайын, жас Қайратым, қыраным!
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,
Намысыңды жықпай өттің нәубет дүлей маусымнан.
Жасып қалған шақтарымда қуат алдым бойыма,
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Жә, не деген нүктесі көп, бүкпесі көп өмір ең,
Төрт жыл өтті шындық күліп шыққанынша көгінен.
Оқ бойы озып тұрыпсың – ау, сол аумалы кезеңде – ақ,
Пышаққа сап бола алмайтын әкімдердің көбінен.
Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, Лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!!!
I.жүргізуші:
Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын.
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
II. жүргізуші:
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Кім мықты десең егер, Отан дер ем,
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба,
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.
Міне, осымен бүгінгі біздің ашық тәрбие сағатымызға берілген уақытта өз кезегіне келіп жетті.
Ауыл барма, ақсақалсыз ағасыз,
Оның айтқан әрбір сөзіне нанасыз.
Сөз берейік апайларға төрдегі,
Талағамынан зор ғибрат аласыз.

Ендеше, сөз кезегін төрде отырған апайларға берейік!
Кеш мұғалімдердің қорытынды сөзімен аяқталады.
Сау болыңыздар!!!








Автор: dauke | 6-03-2015, 18:07
Қарау саны: 1042
    
Жарнама

Пікір жазу
Сіздің есіміңіз: *
Эл.почта: *
Жартылай семіз Қисайған мәтін Сызылған мәтін Сызылған мәтін | Сол жаққа қою Ортаға қою Оң жаққа қою | Смайлик қою Сілтеме қоюҚорғалған сілтеме қою Выбор цвета | Жасырын мәтін Үзінді қою Таңдалған мәтінді транслитерден кирилицаға ауыстыру Вставка спойлера
Қауіпсіздік коды: Қауіпсіздік кодын көрсету үшін осы суретті қосыңыз
Жаңарту, егер код көріңбесе
Кодты енгіңіз: :