» » Ұлт көсемі және ұлттық идея


Ұлт көсемі және ұлттық идея

Қарағанды облысы

Қаражал қаласы

Жәйрем кенті

№30 ЖББОМ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің

мұғалімі Хусайн Ханат

Ұлт көсемі және ұлттық идея

 

Мен өскен ойпаң жерге аласа ағаш,
Демеймін жемісі мол тамаша ағаш.
Қалғанша жалғыз жаңқам мен сенікі,
Ала бер қажетіңе жараса, Алаш! – деп Алаш арысы Міржақып Дулатовтың ұрандатқанындай ханға да, қараға да қалтқысыз қызмет етіп, ел игілігі үшін ерінбей еңбек етіп, сол жолда құрбан болған, жеке дара ұлт көсемі атанған Әлихан Бөкейханұлының өмір жолы мен Алаш елі үшін атқарған қызметі тағдырлы тарихымыздың таудай бір бөлімі. Себебі Әлихан Бөкейханұлының қазақ ұлты мен оның болашағы үшін жазған мақалалары мен бүгінгі ұрпаққа қалдырған түйінді ойлары өмірлік маңызы мен қоғамдық қуатын күн өткен сайын арттырмаса жойған жоқ. Әлихан Бөкейханұлы өзінің күреске толы өмірінде ұстанған идеясынан тайынбай, ұлт мұддесі жолында жан аямай күрескен ұлтшылдар шоғырының ұйтқысы һәм ұйымдастырушысы болды. Өзі бас болып ұйымдастырылған «Қазақ» газетіне екі жүзден астам мақала жариялауы және газеттің жарыққа шығып таралуына материялдық тұрғыдан қолдау көрсетуі – ұлт бірлігі, ұлт болашағы үшін жасалған алуан әрекеттің бірі ғана еді.

«Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғанын, не істеп, не қойғанын білмейді, келешекте басына қандай күн туатындығына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» - деген ұлт көсемінің арманы – Алаш жұртының азаттығы еді. «Тірі болсам, хан баласында қазақ халқының хақысы бар еді, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» - деп ақтарылуы Әлекеңнің тамыры тереңге кеткен алып ағаштай беріктігінің, мирасты тектілігінің, жангешті ұлтшылдығының дәлелі.

Ұлттық идея – белгілі бір ұлттың өсуі мен өркендеуінің, еркіндігі мен елдігінің, тұрақты тәуелсіздігінің кілті, бұлжымас қағидасы дейтін болсақ, осы ұлт үшін бар өмірін сарп етіп қызмет қылған тұлғалардың қайсысының болсын айтқан сөздері бір-бірімен үндесіп, сабақтасып келіп жатады. Өйткені оларда бір мақсат, бір мүдде ғана болды. Осы орайда өмірлік маңызын жоймаған Әлихан Бөкейханұлының соңында қалған қанатты сөздеріне тоқталуды жөн санаймын.

«Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» - дейді ұлт көсемі. Ал кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлы болса: «Біріңді қазақ, бірің дос. Көрмесең істің бәрі бос» - демей ме? Ұлылар арасындағы үндестік деген осы болар. Бірі ел үшін, жер үшін, еркіндік үшін күресті. Ал екіншісі сол елдің ішіндегі надандықпен, жалқаулықпен, еріншектікпен, бойкүйездікпен күресті. Ұлттық намыс – ұлттың қорғаны. О баста қазаққа көз алартқандар, оның ішінде орыс отаршылдары хандар мен ру басыларды бір-біріне айдап салу, араларында іріткі тудыру арқылы бірлігінен айырды. Сол арқылы көздеген мақсаттарына жетті. Бұл кешегі тарих. Бүгінде Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан, осындағы халықтар бірлігі маңызды рөлге ие болып тұр.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» - деген Әлекең бастағы білімді елдің игілігіне жұмсауды меңзегендей. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деп түйіндеген Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың сөзімен қабысып,жымдасып жатқандай. Қаншалықты білім-ғылымды игергенімен, адам бойында ұлттық намыс, рухани жігер мықты болмаса, ұлт үшін қызмет жасауы дүдәмал болатынын ұлылардың барлығы да тілдеріне тиек еткен.

Көсеміне ел бастатқан, шешеніне сөз бастатқан, батырына қол бастатқан бабаларымыз көсемнің ақылына, шешеннің тіліне, батырдың білегіне сенім артқаны сөзсіз. Ал қатігез қоғамның құрсауында қалып, бар болмысынан айрылған адамның ел бастамақ түгілі өз ұлтының ұлтшыл азаматы болып қалыптасуы мүмкін емес қой. «Тәрбие басы – тал бесік» -деп бабаларымыз айтқандай әр қазақ баласын ұлттық тәрбиемен, таныммен өсірсе, алар асуымыз бен шығар биігіміз зор болмақ. Әлихан Бөкейханұлының «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды» - дегені сондықтан болар.

Алаш идеясын және оны жасаушылардың өмірі мен шығармашылығын зерттеген алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбай ағамыз «Алаш ұраны» зерттеуінде тоталитарлық жүйенің құрбаны болған азаматтардың, оның ішінде Әлихан Бөкейханұлының елдік, еркіндік жолында жасаған нақты идеяларын көрсетіп берді, зерттеді, бұлжымас айғақтармен дәлелдеді.

Бүгінге дейін қарқынды дамып келе жатқан адамзат өркениеті бұдан әргі уақытта да дами беретінінде дау жоқ. Тәуелсіз ел болғанына ширек ғасыр боп қалған Қазақ елі де материалдық тұрғыдан өсіп өркендеуде. Ал рухани құндылықтарымыз, ұлттық танымымыз, діліміз қаншалықты даму үстінде? Кешегі Алашорда азаматтарын толғандырған да осы сұрақ еді ғой. Әйтпесе,

«Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ» - деп Әлихан Бөкейханұлы айтпаған болар еді. Бұл осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын айтылған пікір болса да өзінің өзектілігін арттырмаса кеміткен жоқ. Оңды-солды ақпарат ағынның астында қалған қай ұлт болса да өзінің рухани мәдениеті мен болмысынан оп-оңай ажырап қалатын заман болды. Мұндай жағдайда ұлттық ұстанымы берік, тарихи діңі мықты ұлттар ғана өздерін сақтап қалар.

Жеке дара елдігіміздің 550 жылдығын ұлан асыр той қылып атап өткен Алаш жұрты тарихымыздың тереңнен бастау алатынын күллі әлемге паш етті. Ұрпағына үлгі етті. Елдікті ту ету, ерлікті дәріптеу, төл тарихын таразылау - бүгінгі ұрпақтың бабалар алдындағы борышы. Бүгінде Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханұлының және оның идеялас серіктерінің ұрпағы алып далалы, әсем қалалы бейбіт елде өмір сүріп жатыр және сүре береді. Алаш идеясы – мәңгілік идея. Әлихандай ұлт көсемінің ерлігі мен өрлігі, халық үшін ақарған қызметі әр қазақтың жадында жатталып, санасында сақталып қалуы керек..

Автор: admin | 25-01-2016, 15:25
Қарау саны: 1523
    
Жарнама

Пікірлер -
1


bedsoundOa - 29 қаңтар 2016 05:12
Это переходит все границы.

---

Свадебный блог белгорода здесь

Пікір жазу
Сіздің есіміңіз: *
Эл.почта: *
Жартылай семіз Қисайған мәтін Сызылған мәтін Сызылған мәтін | Сол жаққа қою Ортаға қою Оң жаққа қою | Смайлик қою Сілтеме қоюҚорғалған сілтеме қою Выбор цвета | Жасырын мәтін Үзінді қою Таңдалған мәтінді транслитерден кирилицаға ауыстыру Вставка спойлера
Қауіпсіздік коды: Қауіпсіздік кодын көрсету үшін осы суретті қосыңыз
Жаңарту, егер код көріңбесе
Кодты енгіңіз: :