Абайдың ақындық дәстүрі және Төлеу Көбдіков » Қазақша білім сайты
Жарнама

» » » Абайдың ақындық дәстүрі және Төлеу Көбдіков


Абайдың ақындық дәстүрі және Төлеу Көбдіков

"№38 жалпы орта білім беретін мектеп-лицей" КММ
Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы,
Пржевальский көшесі 16 "А"
Бастауыш сынып мұғалімі
Сауытбаева Жадыра Союзбековна


Абайдың ақындық дәстүрі және Төлеу Көбдіков

Туған әдебиетіміз тарихи өткелдердің қай - қайсысында да өз ұлтына адал қызмет етуден аянып қалған жоқ. Тәуелсіз заман биігі-мәні жағынан бүгінгі қазақ елі үшін ең қымбат ұғым. Азат сана туған әдебиетіміздің еркін тынысты дамуы үшін болып көрмеген мүмкіндік ашып отыр.
Еліміздің тәуелсіздік алып, өзінің жеке мемлекеттік концепциясымен әлемдік өркениет қатарынан орнын табу процесінде рухани-көркемдік құндылықтардың орны ерекше. "Адамзат тарихы, оның ішінде көркемдік даму заңдылығы ешқашан да ойдым-ойдым, үзік-үзік құбылыстардан құралмайды. Оның өсу-өркендеу процесінде тарихи желі әрқашан да сақталып отырады” [1].
Қазақ поэзиясының тарихында көптеген өлең-жырдың дарынды өкілдері бар. Соның бір және бірегейі қазақ әдебиеті тарихында өзінің құрметті орнын алған, халық поэзиясының өкілі Төлеу Көбдіковтің туғанына биыл 140 жыл толып отыр. Ол бұрынғы Қарқаралы уезінің Дағанды болысына қарасты II ауылда, Мұзбел деген жерде (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы) І874 жылы 15 наурызда дүниеге келіпті. Ақын Төлеу Көбдіковтің өмір жолы мен шығармашылық қалыптасу, даму, өсу кезендерін қарастырғанда белгілі ғалымдар мен ірі тұлғалардың берген бағаларын айналып өте алмаймыз. Солардың ішіндегі ең құндысы М.Әуезовтің орыс жазушысы Павел Кузнецовқа жолдаған хаты: «Жолсапарымыздың соңғы күндерін біз Семейде өткіздік. Онда ақындар айтысы болды. Облыста бұрын неге көрінбегенін кім білсін, Төлеу деген ірі ақын бар екен. Ата-бабасынан - сонау алтыншы атасынан бері қарай тұқым қуалаған белгілі ақындар. Ол ақынның нағашы жұрты. Ал шешесі көпке әйгілі Қуандық Абаймен айтысқа түскен, әрі оның нақсүйері болған кісі.»
Ақынның дамып-жетілуіне оның өскен ортасы, ондағы өнер адамдарының ықпалы зор. Ғалым Е.Ысмайылов Төлеудің ақындық өнерінің түп-төркінін өскен ортасының әсерінен іздейді: «...Ақындыққа үйренудің, талантын қалыптастырудың бірнеше кезеңдері, өсу сатылары бар. Жас баланы шүу дегеннен-ақ ақындыққа, ән-күйге, өлең-жырға қызықтыратын өз үйінде, өзінің ауыл-аймағында үлгілі ақындық дәстүр болады.
Ақын және көркем сөздің шебері Төлеу Көбдіковтің табиғи талантына бірнеше тарихи фактілердің әсері болды. Ең алдымен бала тұлғасы өзінің отбасында қалыптасатыны белгілі. Анасы Қуандық Сабырбайқызы ақын, әнші Найман ішіндегі Сыбан руының он жеті ақын шыққан әулетінде дүниеге келген, ақындық нағашы жұртынан дарыған. Екіншіден, ұлы Абайдың алдын көріп, жүздескен, ұлағатты сөздерін естіді. Үшіншіден, Сарыарқаның төкпе ақындарымен кездесіп, айтысқа түскен, яғни айтыс мектебінен өткен.
ХХ ғасырдың басындағы халық ақындарының ішіндегі Абай дәстүрін жалғастырушылардың бірі, суырып салма ақын Төлеу Көбдіков халық поэзиясында ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік дәстүрді жалғастырушы сөз зергері. Ол халық поэзиясының өкілі ретінде ақындық, жыршылық өнерге қатысты шеберлікті меңгерген. Абайдың алдын көру, ақылды сөзін тыңдау Төлеу ақын үшін мектеп болғаны даусыз. Осындай ортада тәрбиеленген ақынның өзі де жасынан-ақ өлеңге бой ұрып, қолына домбыра ұстап, он бес жасынан бастап ойын-тойларда, ұтымды айтыс, я жырларымен , әсіресе ескі ақындардың дастандарын жатқа айтумен көріне бастаған. Т.Көбдіков ақындық өнерге зор баға бере отырып, Абайдың дәстүрін үлгі етеді.
1915 жылы жазған бір өлеңінде:
Айтушы аз, ұғушы кем, күтуші жоқ,
Жібектің жүн болмағы, түтпегеннен.
Өлеңді үлгі демей, жынды дейді,
Бұл сөзді жай жүрелік жүктегеннен, - деп ақындықтың құнсыз болғанын айтып кейиді. Ақын осы өлеңімен Абай дәстүріне жай ғана еліктеп қана қоймай, сыншыл реализм дәстүрін де меңгере бастағанын байқатқан. [5]. Өлеңнің қадірін білмеуді сынап , «айтушы» мен «тыңдаушыдан» бірдей биікті талап етеді. Абайдың «айтушы мен тыңдаушы көбі надан..» деп келетін жолдары бар. «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңінің стиліне еліктеу.
Төлеудің шығармашылық тұлғасында жыраулық белгілер де көрініс тапқан. Оған бірнеше тарихи, рухани факторлар негіз болған.
Төлеу Көбдіков - артына мол мұра қалдырған қарымды суреткер. Оның лирикасының тақырыптық аясы жан-жақты, эпикалық шығармалары кең тынысты, ал айтыстары өткірлігімен, шещен тілді тапқырлығымен ерекшеленеді. Ақынның өмірінде де «ақтаңдақ» кезеңдер аз емес. Соның салдарынан ертеректе жазылған қайсыбір шығармалары жарыққа шықпады. Табиғатынан дарынды, ұлы Абайдың алдын көрген, «сексеннің сеңгіріне» келіп, дүниеден озған ақын Төлеу Көбдіковтің шығармашылығы да социалистік жетістіктерді дәріптеген.
Қазақ поэзиясының тарихында көптеген өлең-жырдың дарынды өкілдері бар. Олардың шығармашылығы уақытпен өлшенбейді. Халқына қалдырған інжу-маржандары әр ұрпақпен, әр кезеңмен бірге жасайды. Төлеу Көбдіковтің ақындық талантын бағалап құнды пікір білдіргендердің бірі, классик жазушы М.Әуезов болды. Ол орыс жазушысы Павел Кузнецовқа жолдаған хатында былай деп жазады: «Жолсапарымыздың соңғы күндерін біз Семейде өткіздік. Онда ақындар айтысы болды. Облыста бұрын неге көрінбегенін кім білсін, Төлеу деген ірі ақын бар екен. Оның тума шежіресі өте қызық. Ата-бабасынан – сонау алтыншы атасынан бері қарай тұқым қуалаған белгілі ақындар. Ал, шешесі әйгілі ақын Қуандық – Абаймен айтысқа түскен... Төлеу ақсақалды көргенде мен Қуандықпен кездесіп-жүздескендей күйге келдім. Төлеудің басқа ақындардардан өзгеше қасиеті - өлеңді жазып та, ауызша да шығаратындығы және өлеңіне көлденеңнен бірде-бір жол енгізбейтіндігі» - деп құнды баға берген еді.
Баласының дарынды қабілетін байқаған анасының ықпалы ерекше болды, оны Абайдың қасына бірнеше рет өзімен ертіп, кейіннен сәлемін айтып баласын арнайы да жіберіп отырған. Оның сыры баласының ұлы адамнан сөз өнерін үйреніп рухани нәр алсын, өлең құдіретін сезінсін, поэзияға жақын болсын деген ізгі тілек болатын. Жас кезінде Абай ауылына бірнеше барып, «Аттың сыны», «Жазғытұрым» т.б. өлеңдерін жаттап алып, ел арасында айтып жүрген. Абай дәстүрін ұстанып, домбырадан гөрі қаламға жақын болды.
«Ақындыққа талабы, бейімділігі бар баласы Төлеуді анасы Қуандық өзінде бар ескі ақын өнерінің шеңберінде ұстамай, өзінен жоғары, үздік Абай сөзін үйренуге тәрбиелейді... Төлеудің өзі Абай сөзінің терең мәнін ұққаннан кейін Абайды барлық ақынның атасы, ұстазы деп атайды». Сөз өнерінде ақындық мектеп деген ұғым бар. Абай дәстүрін жалғастырушы ақындар әдебиетімізді жоғары деңгейге көтергенін білеміз. Төлеу ақынның да кемелденіп жетілуіне оның өскен ортасы, ондағы өнер адамдарының ықпалы зор болды. Ғалым Е.Ысмайылов Төлеудің ақындық өнерінің түп төркінін өскен ортасының әсерімен байланыстырады. Ғалым «Ақындар» деген кітабында: «...Ақындыққа баулынып үйренудің, талантын қалыптастырудың бірнеше кезеңдері, өсу сатылары бар. Жас баланы шуу дегеннен ақындыққа, ән-күйге, өлең-жырға қызықтыратын өз үйінде, өзінің ауыл-аймағында үлгілі ақындық дәстүр болады. Жоғарыда айтылғандай, баланың әке-шешесі, не нағашысы, немесе ауылдасы жұртты таңғалдыратын ақын, әнші, жыршы болса, дүниенің бәріне қызыға, еліктей қарайтын жас бала алдымен домбыраға, өлең-жырға әуестенетіні сөзсіз...
Ақынның шығармашылық қуатын, ішкі толғанысын айқындауда лирикалық шығармаларының орны бөлек. Төлеу Көбдіков лирикасының жанрлық сипаты, ондағы көркемдік дәстүр мен даралық ерекшелікті айқындау, сөз жоқ, оның өзіндік қолтаңбасын, стильдік өзгешелігін байқатады.
Т.Көбдіковтің шығармаларының тақырыптық аясы мен мазмұны, ақын өмір сүрген кезеңдегі тарихи-әлеуметтік процеспен үндесіп, сол кезеңнің сөз өнері мәнерімен, стилімен сәйкес дамыды. Т.Көбдіковтің ақындығының бастау көздері жөнінде айтқанымызда, ең алдымен, барлық халық ақындары сияқты ертегі-аңыз, өлең-жыр арқылы бойына сіңген бай халық ауыз әдебиетінде екенін атап айту орынды.
«Ақындар халықтың ғасырлар бойы жасаған мәдени- рухани байлығын ана сүтіндей бойына сіңіруі қажет» [1].
Т.Көбдіков қазақтың халық поэзиясының үлгілерін өз өлеңдерінде қолдана отырып, тарихи жырларды айтудың шебері болды, айтысқа келгенде алдына жан салмады.
Ақын өз атынан айтқанда, онда лирикалық тұлға «мен» әрқашан бой көрсетеді. Төлеу Көбдіков лирикасындағы «мен» бейнесі қашанда елін, жерін, халқын сүйетін биік тұлға. Мәселен, осы өлеңдегі «Басқа елдің ерен бақты сарайынан, жұрты артық көшіп кеткен өз халқымның» деген жолдарда туған жерге, өз халқына деген биік сүйіспеншілік шебер берілген.
Т.Көбдіков шығыстың бай әдеби мұраларымен де жақын таныс болды. Өзі де Шығыс ақындарына еліктеп, «Мың бір түн» желісі бойынша «Қырық уәзірді» жырлаған. Жас кезінен бай ауылына жақындығы Төлеуге ұлы ақын шығармалары арқылы орыс әдебиетімен танысуға да мүмкіндік берді. Ақын аударма арқылы Пушкин, Лермонтов өлендерін көп оқып, ел арасында айтып отырған.
Абайдың ұлылығын дүниеге келтірген осы үш бұлақтан мейірі қана сусындаған Төлеу де халықтың бай ауыз әдебиетінен қоректеніп, жазба әдебиетке жол тартты.
Төлеу Көбдіков қазақ тарихын терең білген ақын. Сарыарқаның қазақ халқының төрі екенін, оның тарихы тереңде жатқанын жырға қосып отырған. Мысалы, «Бұрынғы қан төгісіп, атам қонған, жеті жұрт бізден бұрын көшкен жерім, айрылып Сарыарқаның саласынан, болар ма қазақ аты өшкен жерің», - деген өлең жолдарының салмағы, айтар ойы қандай терең. Жер тағдыры мен ел тағдырына алаң болып қана қоймай, оны халыққа сол кезеңде жеткізу үлкен ерлік.
Ақынның осы туындысына «Қазақ әдебиеті тарихында» мынадай талдау жасалған: «Өскен жер, өлген моланы қимау, өз өлкесін сүю, табиғатты тамашалау бір басқа да, оның байлығы кімнің қолында, қызығын кім көріп жатыр, шәрбатынан сусындаған кім деген сауалға айтар сөз өзінше болса керек. Төлеу мұның терең мәнін түсінбеген» [2]. Әрине, біз ақын поэзиясына берілген бағаның барлығы әділетті, дұрыс тұжырым дей алмасақ керек. Атақты қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романында арғы аталарымыз жерленген зираттың полигон қоршауында қалып қоюын қалың қасірет ретінде суреттеп, үлкен философиялық ой айтқан. Сол арқылы жаһандық мәселені көтерген. Ендеше, Төлеу Көбдіков поэзиясындағы «өскен жер, ата-баба моласын қимау» мәнін терең түсінбегендіктен емес, қайта үлкен мәселені көтере білген ақынның терең танымы деп қабылдаймыз. Ақын «қара жұмысқа» алуға келгенде, оған кемдігінен көніп отыр деп айта алмасақ керек. Қайта сол тарихи тар кезеңнен халықты қалай аман алып шығу керек деген ой ұшығы көрінеді.
Төлеу ақынның 1940 жылға дейінгі шығармашылығы толықтай бізге жете қойған жоқ, оны үш түрлі себеппен түсіндіруге болады:
Біріншіден, Төлеу Көбдіковтің шығарған өлеңдерін өміріне өзек етпеген.
Екіншіден, ақынның 1936 жылға дейін бірде-бір өлеңі баспа бетін көрмегендігі.
Үшіншіден, тұрмыс ауыртпалығына байланысты 1922-1941 жылға дейін шығармашылығында болған үзіліс, тоқырау. Сол кездегі қудалану ақынның жазуына мұрша бермеді.
Төлеу Көбдіков суырып салма әрі жазба ақын болған. Төлеу Көбдіковтің көзі тірісінде екі өлеңдер жинағы шықты. 1948 жылы «Алып күшті Отаным», 1953 жылы «Өмір жыры», 1955 жылы «Өлеңдер» атты жинақтары басылып шықты. Оларды баспаға дайындап, құрастырған жазушы Сапарғали Бегалин болды.
Ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлы Мұрат Төлеуов әкесінің «Жырларым» атты төртінші өлеңдер жинағын бастырып шығарды.
Төлеу ақынның өмірбаянынан нақтылы мағлұматтарды ақынның баласы Қаскеннің айтуы бойынша жазып кеткен ғалым зерттеуші Қайым Мұхамедханұлы болды.
1954 жылы қазан айында Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығы бойынша туғанына 80 жыл толуына байланысты ақынға қазақтың жазба және ауызекі поэзиясын өркендетудегі үздік еңбектері үшін «Қазақстанның халық ақыны» деген атақ берілді.
Төлеу Көбдіков 1954 жылы 23 қараша айында 81 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Шар қаласының бір көшесі, орта мектеп ақын атымен аталды. 62-ші мектепте атамызға арналған мұражай бар. Ақынның зираты жаңартылып, мемлекеттік қорғауға алынды.
«Ақселеу, күміс сақал пайғамбарым» деп ақын бейнесін тұтастай көз алдымызға шынайы әкелетін, ақынның шәкірті Қашаф Туғанбаев жырлағандай, аса мәдениетті, көп мақтанды ұнатпайтын парасат иесі, қазақ әдебиетінің алтын қорына жазылған, асылдың сынығы, айтулы ақын Төлеу Көбдіковтің азаматтық, ақындық тұлғасы осындай.
Әдебиет пен мәдениеттің ошағы аталып кеткен Семей өңірі жергілікті ақын-жазушыларымызды зерттеп , насихаттап отыру бүгінгі ұрпақ алдындағы үлкен парызы деп саналады.














Пайдаланған әдебиеттер:

1. Көбдіков Т. Өлеңдері.-Алматы, 1955.-239 б.
2. Бегалин С. Ақын туралы бірер сөз.-Алматы: Балалар әдебиеті,2007.-248 б.
3. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы.-Алматы: Санат,1994.-448 бет
4. Ахметуллин М. Рухы алдында бас иеміз: Халық ақыны Т.Көбдіковтің туғанына 125 жыл // Семей таңы.-1999.-10 маусым.-3 б.
5. Құлжанбеков Е. Біз Төлеудің ұрпағымыз // Семей таңы.-2009.-10 маусым.-3 б.
6. Мұхамедханұлы Т. Төлеу ақынның өмірбаянынан нақтылы мағлұматтар. // Көп томдық шығармалар жинағы т.5.-Алматы: «Ел шежіре», 2007.-344 б.
7. Тұрысбекова Ж. Төлеу Көбдіковтің әдеби мұрасы.-Алматы, 2003.-148 б.
8. Семей өңірінің ақын-жазушылары: Био-библиографиялық көрсеткіш.- Семей, «Талант», 2005.- 95 б.
9. Ысмайылов Е.Ақындар.- Алматы:ҚМКӘБ, 1986-340 бет.
10. Кенжебаев Б. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары - Алматы, 1994 ж.
11. Елеукенов Ш. Тәуелсіздік биігінен. Зерттеу, эссе, әңгіме. - Алматы. «Арда», 2007-40 бет.
Автор: Жансая | 30-04-2015, 23:18
Қарау саны: 1229
    
Жарнама

Пікір жазу
Сіздің есіміңіз: *
Эл.почта: *
Жартылай семіз Қисайған мәтін Сызылған мәтін Сызылған мәтін | Сол жаққа қою Ортаға қою Оң жаққа қою | Смайлик қою Сілтеме қоюҚорғалған сілтеме қою Выбор цвета | Жасырын мәтін Үзінді қою Таңдалған мәтінді транслитерден кирилицаға ауыстыру Вставка спойлера
Қауіпсіздік коды: Қауіпсіздік кодын көрсету үшін осы суретті қосыңыз
Жаңарту, егер код көріңбесе
Кодты енгіңіз: :