Әліппемен қоштасу » Қазақша білім сайты
Жарнама



Әліппемен қоштасу

Жүру барысы:
(Атасы немересін жетектеп келеді.)
Мұғалім:
Жеті жасар баласын,
Жетпісте шал жетектеп.
Келе жатыр көшеде,
«Қайда әлгі мектеп» деп
Ата:
-Балам,балам,жақсы бол,
Міне,сенің мектебің.
Сабағыңа зейін сал
Ақылды бол тентегім.
Немере:
Қыркүйекте келдім де
Сыныпқа кірдім қуанып,
Қарсы алды ұстаз мейріммен
Қадамымды құп алып.
Мұғалім:Құрметті ата-аналар, қонақтар, оқушылар, ұстаздар. Біз бүгін шексіз қуаныштымыз, өйткені алғаш хат танып, сауатымызды ашқан «Әліппені» бітірдік.
Қоңыр күзде қоңыр қоңырау үнімен алғашқы білім сабағына енген
1-сынып бүлдіршіндері бүгін бір асудан асты.
Қазақ тілінің 42 әрпімен танысып, дауысты, дауыссыз дыбыстарды ажыратып, буынды меңгерген балалар бүгін «Әліппе» оқулығымен қоштаспақшы. Мереке баршамызға құтты болсын!
Музыка ойналып сахнаға Сиқыршы қыз шығып:
-Ой, бүгін күн қандай тамаша! Табиғат ана өз жылуын, жердегі адамзатқа төгіп тұрғандай! Көк аспанның бетінде күн көзі көрініп, көкжиектен түрлі-түсті кемпірқосақ пайда болғандай!
Қараңдаршы, қандай әдемі, көрікті! Осы ғажайып күн бізге күлімдеп, қуаныш сыйлап тұрғандай! Мен үшін бүгін ерекше күн. Бүгін менің сиқырлы таяғым тамаша таңғажайыпты көрсетер ме екен?! Кәне, сиқырлы таяғым, маған қандай қызмет көрсетесің?
( Сол кезде шар жарылады ).
Мұғалім:
-Армысыз, сиқыршы қыз!
Сиқыршы қыз:
- Сәлеметсіз бе, мен сізді танымадым? Мен өзі қайда тұрмын?
Мұғалім:
- Сиқыршы қыз, сіз Сүлеймен Карабалин мектебінде тұрсыз. Бүгін біздің мектебімізде ерекше той-думан өткелі жатыр. 1 б сынып оқушылары әліппемен қоштасқалы отыр. Кел, сиқыршы қыз, біздің балалардың білімін, өнерін бірге тамашалаңыз.
Сиқыршы қыз:
- Ал, сиқыршы таяғым, балаларды сахнаға шықырайық.
Уа, халайық ,халайық,
Бермен қарай қарайық
Білім қуған шәкірттерге
Қошаметтеп қол соғайық
(Сахнаға оқушылар шығады)
Мұғалім:
-Қымбатты ата-аналар, аяулы ұстаздар, сүйікті шәкірттер!
Әліппені бітірді балаларым,
Әліппеден нәр алған даналарым.
Өзі оқып жазатын халге жетті.
Құтты болсын білімі балалардың.
Енді мен сіздерге шәкірттерімді таныстырып өтейін.Өйткені «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, мен әрбір шәкіртімді мақтан тұтамын.Олардың есімін зор құрметпен таныстырамын.
Менің:
Ақылды -Ақеркем,әсем қыз- Әселім,дарынды-Думаным,арыстандай Асылбегім,аңғал Абзалым,дарабоз Дінмұхаммедім,иманды Ибраһимім,гүлдей Гүлсезімім,нұрдай Нұрдаулетім,періштедей Перизатым,сүйкімді Сүндетім,алтындай Аяулым,ер мінезді Еркебұланым,айдай Айсанам,Алпамыстай Азатым,алғыр Айзадам,еңселі Ерназым бар.
Мұғалім :Аққу құстай қалқыған
Қос жұптасып маңдана
Вальс биін билейді
Таңқалады ата- ана
Ендігі кезекте Вальс биімен 1 б сынып оқушыларын ортаға шақырамыз.Қабыл алыңыздар!
Мұғалім:
Жақсы білім көрімдік,
Болсын сізге халайық.
Не үйреніп, не білдік,
Қане, ортаға салайық.
1-оқушы-Ақерке
Өтті оқу сан-сабақ,
Бүгін үлкен салтанат.
Оқулықпен достассақ,
Әліппеміз қоштаспақ.
Өсті білім, бойымыз,
Құтты болсын тойымыз.
2-оқушы-Ерназ
Әліппем, менің әліппем,
А деген бастап әріптен.
Сөз құрап жаза бастадым,
Тақылдап таңба танып мен.
3-оқушы-Аяулым
Әліппем, менің әліппем.
Сені қолға алып мен.
Есігін аштым білімнің,
Ертеңгі жарық сәулемен.
4-оқушы-Нұрдаулет
Ыстық әрбір беттерің
Жазуыңды ұғамын.
Ақыл бердің әліппе,
Ақылды сен мұғалім.
5-оқушы-Әселім
Әліппем, менің әліппем,
Өмірді келем танып мен.
Қайталап айтам мың рет,
Өзіңе көп-көп рақмет.
6-оқушы-Думан
Әліппе деген алтын жол,
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес ауыр жол,
Тырысып бақ намысқа.
7-оқушы-Асылбек
Үйретті бізді әліппе,
Қырық екі дербес әріпке.
Сөз, сөйлем құрап әріптен,
Лайық болды дәріпке.
8-оқушы-Айзада
Алфавиттің А тұрады басында
Әрқашан да Ә тұрады қасында.
Байқадың ба,Б тұрады үшінші
Ал осының сыры неде түсінші:
А деген ол-аналар ғой ардақты,
Ә деген ол-әкелер ғой салмақты,
Б деген ол-балалар ғой әдемі.
Біздің елде үшеуі де кәделі.
9-оқушы-Гүлсезім
Келгенде алғаш мектепке
Білмеуші едік әріп те
Оқимыз қазір ертекті
Үйреткен оны Әліппе.
10-оқушы-Еркебұлан
Бар кітапқа бас болған
Әліппе –ғылым анасы.
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы.
Ән: «Ұстазым»
Осы кезде айқайлап:
-Балалар, Жалқаубекті көрдіңдер ме?- деп Дымбілмес келеді.(Қолында теріс ұстап алған кітабы бар.)
Дымбілмес:
-Ой, мына жерде көп балалар отыр ғой! Сендер не істеп отырсыңдар?
Мұғалім:
-Әй, сен бе, Дымбілмес?! Жай жүрсің бе?
Дымбілмес:
-Иә, мен, Дымбілмеспін. Немене бұл жерге маған келуге болмай ма?
Мұғалім:
-Жарайды, Дымбілмес. Саған ешкім болмайды деген жоқ қой. Сенің досың Жалқаубекті біз көрмедік. Қолындағы қандай кітап? Сен оқи білесің бе? Кітапты қалай ұстап алғансың?
Дымбілмес:
-Е-ее, қалай еді осы кітаптың аты? Ұмытып тұрғаным –ай! (Кітапты түзеп ұстап алады).
Мұғалім:
-Кітаптың атын балалардан сұра, саған олар айтып береді.
Дымбілмес:
-Балалар, бұл кітаптың атын білесіңдер ме?
Мұғалім:
-Әрине біледі. Кәне, балалар айтып жіберіңдерші.
Балалар хормен:
Болашаққа жол ашар-
Ол сүйікті- Әліппе!
Мұғалім:
-Олай болса, бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға шақырайық.
Хормен: Әліппе! Әліппе! Әліппе
Әліппе:
Армысыздар жас достар!
Армысыздар, ата-ана!
Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын!Менің сүйікті де білімді шәкірттерім міне бүгін білімнің алғашқы кезеңінен асып отыр. Талаптарын талмасын жас достар!
Дымбілмес:
- Балалар! Ал, «Әліппеде» қандай әріптер бар білесіңдер ме?
1-оқушы -Айсана
А дегенің ана ғой, Ана деген дана ғой.
2-оқушы-Әселім
Ә әжем әнге басады, әтеш ұйқы ашады.
3-оқушы-Ерназ
Е елге есті ер керек, ер жет өсіп ертерек.
4-оқушы-Думан
О озат болып оқыңдар, ойға білім тоқыңдар.
5-оқушы-Азат
Ө өсті міне бойларың, ойға білім тоқыңдар.
6-оқушы-Абзал
Ы ыдысты саздан жасаған, ықылыс біздің жас маман.
7-оқушы-Асылбек
І інісіне бағалы, Іңкәр ішік алғанды.
8-оқушы-Нұрдаулет
Ұ Ұлан біздің ұқыпты, ұстаз сөзін ұғыпты.
9-оқушы-Ибраһим
И иба, әдеп, ақыл-ой, имандылық басы ғой.
10-оқушы-Перизат
Б дегенің бала ғой, Жұмсаса апаң бара ғой.
11-оқушы-Гүлсезім
Г гу деп алғаш бөбектер, гуілдейді ақырын.
12-оқушы-Айсана
Оқуды көп ойладық
Қызығына тоймадық
Әріптерді үйреніп
Сауат аштық тойладық
13-оқушы -Сүндет
Барлық әріп бағалы
Айттық әділ бағаны
Әріпсіз сөз болмайды
Буын онсыз болмайды
14-оқушы -Еркебұлан
Алфавитті біліңдер
Онда қалып жүйе бар
Біздің қазақ тілінде
42 әріп бар.
15-оқушы-Аяулым
Әр күнім алып келер жаңалықты
Тоқимын алып білім, жаңа әріпті
Ұстазымның тынымсыз еңбегімен
Жанымда ізі қалды жаңа әріптің.
«Әліппе үйрену» әні
Мұғалім:Қане балалар,енді «Сандар сырына » үңілейік
1.Санамақтар
Думан:
1 дегенім-бесік
Шықтық содан өсіп.
Дінмұхаммед:
2 дегенім-елім
Далам,тауым,көгім.
Абзал:
3 дегенім-үміт,
Үміт артар жігіт.
Ибраһим:
4 дегенім-төзім
Төзе білем өзім.
Ерназ:
5 дегенім-бақыт,
Бағалайтын уақыт.
Сүндет:
6 дегенім-ақыл,
Тыңдағаның мақұл.
Асылбек:
7 дегенім-жалау
Жүректегі алау.
Нұрдаулет:
8 дегенім-сөзің,
Серт беретін кезің.
Азат:
9 дегенім-тоқтау,
Елдің жоғын жоқтау.
Еркебұлан:
10 дегенім-Отан,
Қорға соны ботам.
Мұғалім:
Олай болса,болашақ Отан қорғар сұлтандарымызды «Жигиттер» биімен ортаға шақырамыз.Қарсы алайық!
Сиқыршы қыз:
-Балалар, мен сендермен болғаныма, осындай білімді, өнерлі балалардың ортасына түскеніме қуаныштымын. Енді менің қайтатын уақытым таяп қалды. Ал, «Әліппе» кітабын ала кетейін.
1 –оқушы-Айсана
Таныстырған 42 әріппен
Қош бол менің қасиетті Әліппем
Сенің арқаң оқи, жаза білгенім
Сауатты адам санатына кіргенім.
2-оқушы-Дінмұхаммед
Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата-ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз.
Әліппе: Ал, енді мен сендермен қоштасамын. Қош болыңдар, балалар! Сабақты жақсы оқыңдар!
«5» болсын алар бағамыз,
Біліммен бақыт табамыз,
Өнер-білім көп тоқып,
Өсе берсін санамыз! ( жұлдызшалар тарату)
Хормен: Қош бол, құтты Әліппе
Сиқыршы қыз:
Балалар, сендерге бір жаңа оқулық сыйлайын,( сиқырлы таяқшасын Дымбілместің дорбасына тигізеді, сол сәтте Дымбілмес дорбаның ішіндегі шарды жарады.) Дымбілмес, дорбанды ашып қара. Сау болыңдар,балалар!
Балалар:
-Рахмет, сиқыршы қыз.
Мұғалім:Ортаға үнді биімен сыныбымыздың жас бишілері Ақерке мен Дінмұхаммедті шақырамыз.Қол соғып ,қошаметтеп отырайық!
Мұғалім:
- Дымбілмес, сенің дорбандағы оқулығын қандай екен, оқып берші, балалардың көмегімен әріптерді үйрендің ғой.
(Дымбілмес дорбасынан оқулықты алады да, буындап оқиды «А-на ті-лі»)
Ортаға Ана тілі шығады)
Мұғалім:
-Мінекей, ортамызға ана тілі оқулығымыз да келіп қалды. Ана тілі оқулығын да жақсы оқуға тырысамыз. Ана тілін оқимыз ба, балалар!?
Балалар:
-Иә, оқимыз.
Ана тілі:
-Сәлеметсіңдер ме, балалар?
Туған елдің тілімін,
Ақылымен танылам.
Түсіндірер бәріне
Ана тілі мен болам.
1-оқушы-Әселім
Ана тілім менің,
Әлдилеген әнім,
Ана тілім –демім,
Ана тілім- жаным.
2-оқушы-Гүлсезім
Анам алғаш осы тілде,
Бесік жырын жырлаған.
Ұзақ түнде анам айтқан,
Ертегілер тыңдағам.
3-оқушы-Айзада
Аяулы жыр-әніміз
Аялайтын бәріміз,
Ана тілі арымыз.
Алу үшін сана-білім,
Ардақтаймыз ана тілін.

4-оқушы-Ақерке
Ақыл ойын дананың,
Ана тілден аламын.
Ана тілім ардақты,
Ақ сүтіндей ананың.
Хор: «Ұстазым менің,ұстазым»
Мұғалім:
-«Әліппе» білім бесігін ашқан алғашқы оқулығымыз болса, «Ана тілі» сөз сырын ұқтыратын сырласымыз болары анық. Ал енді оқушылар бір сұраққа жауап берейікші. Осы біздер қандаймыз?
1-оқушы-Думан
-Осы біздер қандаймыз?
Талабы биік таудаймыз.
2-оқушы-Аяулым
Мың бұралған бишіміз.
3-оқушы-Перизат
Біз шеберміз.
4-оқушы-Асылбек
Біз қызықпыз, қызықпыз,
Сәл еркелеу бұзықпыз.
5-оқушы-Азат
Үлкенге ізеттіміз, кішіге қамқормыз.
6-оқушы-Абзал
Көп оқимыз.
7-оқушы-Еркебұлан
Ақылдымыз.
8-оқушы-Ерназ
Қазақстан –Елтаңбасымен еңселі, Туымен тұғырлы, Әнұранымен айбатты.
Хормен: Біз –қазақ елінің болашағымыз.
Мұғалім:
- « Қош бол,сүйікті Әліппем!» атты ертеңгілігімізді
Ата-ананың тілегі – адам болып өскенің,
Адамдықтың тірегі – адал болып өскенің,-деп аяқтаймыз.











Автор: Кундыз | 19-02-2016, 19:04
Қарау саны: 374
    
Жарнама

Пікір жазу
Сіздің есіміңіз: *
Эл.почта: *
Жартылай семіз Қисайған мәтін Сызылған мәтін Сызылған мәтін | Сол жаққа қою Ортаға қою Оң жаққа қою | Смайлик қою Сілтеме қоюҚорғалған сілтеме қою Выбор цвета | Жасырын мәтін Үзінді қою Таңдалған мәтінді транслитерден кирилицаға ауыстыру Вставка спойлера
Қауіпсіздік коды: Қауіпсіздік кодын көрсету үшін осы суретті қосыңыз
Жаңарту, егер код көріңбесе
Кодты енгіңіз: :