«Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық» » Қазақша білім сайты
Жарнама

» » » «Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық»


«Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық»

«Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық»
Бір ұлы ойшыл: «Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық. Бұл әрі лирика, әрі романтика. Бұл – болашақ жөніндегі үлкен-үлкен жоспарлар. Бұл – перспектива атаулының бастауы» деген екен. Ендеше, сөзсіз, қай заманда болмасын жастар – кез келген мемлекеттің болашағы, генераторы және үлкен үміт артар ұрпағы.
Ұрпақ демекші Мұхтар Әуезов атамыздың «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзіне тоқталатын болсақ, ең әуелі баланың тәрбиелі болуы мен бойындағы бар қасиетіне әсер ететін ол – ата-анасы, одан кейін қоғам десем, әсте қателеспес болармын. Қоғам деген сөздің астарында бала-бақша, мектеп, көше тәрбиесі, жоғарғы оқу орны, араласатын ортасы, жастар ұйымдары т.с.с қоғамның кезеңдік бөлімдері жатады. Соңғы аталған жастар ұйымдарына тоқтала кетсек, алысқа бармай-ақ қояйық, кеңес үкіметі кезіндегі «жарқын болашақ» - коммунизмді орнату идеясына ешбір алаңсыз сеніп өскен «октябряттар», «пионерлер», «комсомолдар» сияқты жасөспірімдер мен жастар ұйымдары КСРО үшін үлкен жұмыстар атқарғаны тарихтан белгілі. Оған бір мысал «Тимур және оның командасы» сияқты жасөспірімдер топтарын кинолар арқылы дәріптеп, октябряттарға дейін көшедегі қарттарға көмек көрсетіп, үйлерінің жұмыстарын жасап, үлкендерге құрмет – жастарға міндет сияқты қайырымды жұмыстар жасайтын. Қазіргі таңда қайсыбір жастың да бойынан осы қасиетті таба аламызба деген заңды сұрақ туындайды. Қазіргі кейбір жастарымыз автобусқа қария кісілер кіре қалса, өтіріктен ұйықтап қалу деген әдетті бойларына сіңіріп алғаны жиі айтылады. Дегенмен де кеңестік кезеңнің бір ерекшелігі, жастар арасында мемлекеттік идеологияның мықты болғанын аңғарамыз. Әрине, ол кезеңнің де үйренетін және жиренетін жақтары бар екені сөзсіз. Коммунизм заманында жасөспірімдер мектептің белсенділері «пионерлер» қатарына ал, ересек белсенді және саналы бөлігі «комсомол» маңына топтастырылды. Сөйтіп, «Менің бригадам!», «Менің зауытым!», «Менің колхоз-совхозым!» деген сөздерді кеңес жастары мақтанышпен айтып, ұжымдағы белсенді еңбек адамдары қатарында болғанын мақтаныш ететін. Олар іскерлік қабілеттерін барынша көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға араласуға құмарланып, кәсіпке деген ынталарын жоғарылатуға асық болатын. Бүгінгі біздің жастарға қарасақ, оқуды бітіре салып, қайда жоғары жалақы, қайда кариера, қайда перспектива болса, сол жақа ұмтылатыны ащы да болса шындық. Оған, менің ойымша, қазіргі нарықтық заман мен батыстық үлгідегі тенденциялар қатты әсер етіп отырған сияқты. Ең алдымен оқуды бітіре салып, әрбір жас бірден жоғары жалақы іздемей, өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауға талпынса деп кеңес берер едім. Себебі, ойлап қараңыздар, оқу бітірген жас маманды қай мекеменің, қай кәсіпорынының жұмыс берушісі жоғары жалақы төлеуге асыға күтіп отыр екен?.. Оның үстіне өзіңнің іс-тәжірибең жөнінде резюмеге не деп жазасың, жас маман?.. Мансап та, абырой-атақта керек шығар. Алайда жақсы қызмет жасау үшін де ең төменгі баспалдақтан бастаған жөн емес пе? Себебі, бірден жоғарыға моральдық-психологиялық дайындықсыз шығып, білімсіздіктің, тәжірибесіздіктің кесірінен құласаң өзіңе ауыр тимей ме? Оны да бір сәт ақылға салып қарайық, құрметті жастар. Алдында айтып кеткенімдей, кеңес заманындағы жастар «Менің колхоз-совхозым!» деген, біздің жастардың туған жерім, туған өлкем деп өзі туып-өскен ауылды көркейтуге баруға ынтасы мен қызығушылығы шамалы. Себебі, жастарымыз перспективаны ауылдан емес, еліміздің маңызы бар облыстары мен қалаларынан көріп, шоғырланып отырғаны ол да бір ащы шындық. Әңгіме жоқ, елімізде жас мамандарға арналған «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық Партиясының бастамасымен жасалған «Дипломмен ауылға!» сияқты бағдарламада барлық ынталандыру мен көмек көрсету шаралары көрсетіліп, ауылға соңғы үш жылдың ішінде 16 мыңға жуық жас мамандардың тартылғанын айтпай кету мүмкін емес. Соның өзінде жастардың басым бөлігі қалада қалуға тырысып, белгілі бір пайызы ғана ауылға баруда. Осы жерде заңды сұрақ туындайды, әлем бойынша жер көлемінен еліміз 9 орынды алып отырса, сол жерлерді игеріп, дамытатын жастарымыз тек қалаларда қалып жатса, ауылдарымызда тек кемпір мен шал қала ма?... Мінекей, өстіп тізбектей берсек шешімін толыққанды таппай жатқан мәселелер жетерлік.
Ал енді қайта жастар ұйымдарының мәселесіне оралсақ, Бұрынғы «октябрят», «пионер» ұйымдары секілді «Жас Ұлан», «Жас Қыран» ұйымдары жұмыс істейді. Бірақ аталған ұйымдардың жұмыстарын күшейту мақсатында облыстардың мектептерінен бастап, шалғай жатқан ауылдардың мектептеріне дейін оны жаңаша сипатта дамыту керек сияқты. Ең басты міндет, ол жасөспірімдерді зиянды әдеттерден, қылмыстық жағдайлардан, қаңғыбастықтан, білімсіздік пен тәрбиесіздіктен сақтау мақсатында және оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдаланулары үшін, ғылыми жұмыстармен айналысуға, дебат, КВН, талантты жастар клубтарын, спорттық клубтар т.с.с үйірмелерді әр мектептің директорлары мұрындық болып, мықтап қолға алып, құрып осы тұрғыда тәрбиелік жұмыстарды күшейтсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен өз басым жоғарыда аталған «Жас Қыран», «Жас Ұлан» ұйымдарының жұмыстарын күшейтуде мен 4 ұсыныс енгізер едім:
1. Идеологиялық жұмыс жүргізу, яғни жасөспірімдердің санасымен бойына азаматтық-ұлттық сенімдер қалыптастыру. Ең алдымен «Жас Қыран», «Жас Ұлан» ұйымына жасөспірімдер мен жастарды қабылдау үшін киім кию үлгісінің дұрыс болуы, жете қадағалап, яғни көк галстук ол еліміздің туының түсі деп үйрету, қалтаға сала салу немесе мыж-мыж күйінде таға салмау сияқты тәртіптерді енгізу керек-ақ. Сонымен қоса ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында ұлттық дәстүр мен тарихымыздың, дініміздің тақырыбындағы сұрақтарын дайындап, сұрақ қоюлар арқылы мүшелікке қабылдау және де азамат ретінде қалыптастыру үшін Конституция бағытында, Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» стратегиясы және тағы басқа саяси-әлеуметтік реформалар жөнінде білімдерін тексеретін тест тапсырту арқылы өз қатарларын қабылдауды дәстүрге айналдырса, сөз жоқ аталған ұйымдардың беделі жоғарылап, ол ұйымның мүшелері басқа оқушыларға үлгі болар еді.
2. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мектептің тәртіп бұзғыш акцент қойып, соларды тартып, қолдап, ынталандырса, мысал үшін қоғамдық көлікте жүретін жол жүру билетін тегін берудің жолдарын қарастырса, бағыт-бағдар берсе, міне сол бұзақы балалар көптеген құрбы-құрдастарын жақсы жолға тартып, көмектесетініне кәміл сенімдімін. Себебі олардың бүйтіп даралануы бекер емес. Сол себепті бойларына харизматикалық және лидерлік қасиет бар екенін ескергеніміз абзал.
3. «Тимур және оның командасы» сияқты қозғалысты, ұзақ мерзімді жобаны ұйымның ішінен құрып, қария кісілердің үйлерінің жұмыстарын жасап, көшелерге тал егіп, әлеуметтік, экологиялық жұмыстар атқарса, жасөсіпірімдеріміздің бойында уақыт өте келе азаматтық қасиеттердің байқалары сөзсіз.
4. Жергілікті жердегі Ішкі істер басқармасындағы жасөспірімдермен жұмыс істеу бөлімі инспекторларымен бірге «Жас Қыран», «Жас Ұлан» ұйымдарының белсенді мүшелері рейдтерға шығып, «Еңсеңді көтер, оян құрдас!» сияқты ұрандардың негізінде компьютерлік ойынханаларда, құмарлық ойын автоматтарындағы және бұрыш-бұрышта топтасып жүретін зиянды әдеттерге әуес ұл-қыздарды бақылап, зерттеп түсіндірме жұмыстар жүргізсе және әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтап педагогикалық кеңестерде ата-аналар комитетімен бірлесіп, шараларды қолданса, бұның да қоғамды түзеуге үлкен үлесін тигізері анық.
Елімізде, кейбір деректерге сүйенсек 700-ге жуық жастар ұйымдары бар делінген, міне осы мәселеге байланысты айтарым, жаңбырдан кейінгі қаптаған қозықұйрықтар сияқты көбеймей, сан мен сапаға қарап, осы ұйымдарға, қоғамға идеологиялық, рухани тұрғыда пайда әкелетін жұмыстар жасалуы қажет дейтіндей бағыт-бағдар берілсе деймін. Мысалы, жастар ұйымдары аға буын ретінде жоғарыда аталып өткен еліміздің мектептерінде құрылған «Жас Ұлан», «Жас Қыран» сияқты ұйымдардың жұмыстарына барынша көмектесіп, оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына үлес қосатындай үйірмелерді дамытса, семинар-тренингтер жүргізсе, сонымен қоса жастарға идеял болатындай Алаштың ардақты азаматтары туралы конференциялар өткізсе және қазіргі еліміздегі өз күшімен жеткен жетістігі мол азаматтардан сұхбат алып, сайдтарға, телеарналарға видео роликтер жасап жарияласа, жұмыстары нақты көрініс табар еді. Себебі өзім де студент шағымда Алматы қаласындағы бірнеше мектептерде «дебат», «КВН» клубтарына жетекшілік етіп, семинар-тренингтар өткізіп, қалалық жарыстарға қатыстырып, жастардың уақыттарын тиімді пайлануларына мүмкіндік жасайтынмын, әрі сол еңбегім үшін аздап табыс табатынмын.
Барлық жастар ұйымдары жұмыс жасамайды деуге болмайды, әрине. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. «Жас Отан» жастар қанаты, «Жасыл ел» жастардың еңбек ортяды, «Бота» интеллектуалды орталығы, «Студенттер Альянсы», «Қазақстан Жастар Конгресі», «Болашақ» республикалық қозғалысы, «Қазақстан КВН Одағы», «Қазақ КТК (КВН) лигасы» сияқты жастар саясатын белсенді түрде іске асырып жүрген жастардың бірлестіктері көзге көрінетіндей жұмыстар атқаруда.
Жастар ұйымдары бүгінде тек бюджет қаражаты есебінен ғана жұмыс жасайды деп, BNews.kz бұқаралық ақпарат құралына сұхбат берген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов ағамыздың сөзіне тоқталсам, ол кісі: жастар ұйымдары тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істеуде. Бұл дұрыс емес. Өзге қаражат көзін іздеу керек. Мәселен, тендер өткізгенге дейін жастар ұйымдарын естімейміз, көрмейміз. Біздіңше, жастар ұйымдары дөңгелек үстелдер, митингілер, форумдар өткізуді қойып, бюджеттік қаражат жастар мәселесін шеше алатын жұмыстарға ғана жұмсалуы тиіс деген болатын.
Ол кісінің айтқаны өте өміршең. Себебі ондай қысқа мерзімді жобалар, іс-шаралар жақсы, бірақ үлкен нәтижелер бермейтіндігі белгілі. Ондай іс-шараларда көп жағдайда жақсы ұсыныстар мен идеялар айтылады да, сол жерде қалып қояды. Сол себептен ол кісінің айтқан сөзі мені қатты ойландырды. Соған байланысты мен де мемлекеттік деңгейде іске асыруға болатын 3 ұсыныс әзірледім.
1. Білім және Ғылым министрлігінің жанында Жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс істейді. Міне, сол комитет еліміздегі барлық жоғарғы және орта арнаулы оқу орнындағы жастар ісі жөніндегі комитеттерді, студенттік кеңестерді, жастар ұйымдарын біріктіріп, Жастар ісі жөніндегі комитеттің ортақ ассоциациясын құрса. Себебі, әр қалалардағы ЖОО мен колледждердің жастар ісі жөніндегі комитеттері бір-бірімен тәжірибе алмасып араласа бермейтіні белгілі. Сол үшін де жастар қозғалысының генераторы – Жастар ісі жөніндегі комитеттің ассоциациясын жарқын болашақ үшін құруды басты тетік ретінде көріп отырмын.
2. BAQ.KZ - Статистика мәліметіне сүйенсек, елімізде жұмыссыз азаматтар саны 470,6 мың адамды құраған. Бұл жұмысқа қабілетті деген барлық азаматтың 5,2%-ы. Өмірдің шындығы, газеттерден мамандық бойынша вакансия іздесек, көбінде жұмыс берушінің талабы 3 жылдан жоғары тәжірибесі болу керек делінген. Күлкілі жағдай емес пе?! Ойлап қараңызшы, енді ғана қолына диплом алған жас маманда қайдан 3 жылдық тәжірибе болсын?. Жылына елімізде 150 мыңнан астам жастар жоғары оқу орнын бітіреді. Соның шамамен 7,5 мыңы жұмыссыз қалады екен. Сол себепті еліміздегі 18-24 жас арасындағы жастардың 35-40%-ы жұмыссыздықты ең өзекті мәселелер қатарына жатқызады. Демек, «балықшыға балық емес, қармақ бер» қағидасына сүйене отырып, жастарымыздың барлық жағдайын жасамай-ақ, тек алғашқы кезеңде еңбектенуге мүмкіндік беріп, яғни жұмыспен қамтамасыз етсек, олар алаңсыз өздері-ақ жағдайларын жасап алуға талпынады. Жоғарыда аталған ассоциацияны құру арқылы әр оқу орнының жастар ісі жөніндегі комитеттерінің жетекшілері өздерінің оқу орнында комиссия құрып, мониторинг жүргізіп, іріктеу арқылы жыл сайын бітіретін «Ең үздік – 100 түлектері» туралы ақпаратты жинап, ассоциацияның кеңейтілген «Мемлекеттік Жастар Саясатын Қолдау» атты жиналысында жасалған жұмыстары жөнінде есеп беріп, білімді және тәжірибелі ең үздік 100 түлектері жөнінде нақтылай ақпараттық ұсыныс жасап отырса, сонымен қоса қалған түлектерді оқу орнының ректорлары, директорлары кәсіпорындардың, мекемелердің жұмыс берушілерімен заңдық күші бар меморандумдарға жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп қол қойып, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге ықпал етіп, үлестерін қосып отырса, Жастар үшін нұр үстіне нұр болар еді.
3. Статистикалық деректерге сүйенсек, 21-29 жас аралығындағы жастардың, яғни жас отбасылардың 85%-ның өзіндік баспанасы жоқ екен. Бұл жас отбасылар үшін үлкен проблема. Аталған ассоциацияның бастамасымен әр оқу орнының жастар ісі жөніндегі комитеттері оқу орны басшыларымен бірігіп, комиссия құрып, оқу орнындағы оқып жүрген студенттерінің арасында және алдыңғы 3 жылдың ішінде бітіріп кеткен түлектерге дейін түгендеп, ақпараттар жинап, толыққанды зерттеу жүргізіп, кім отбасы құрса, сол отбасы құрғандардың ішіндегі баспанасыз жүрген жас отбасылардың, жас мамандардың тізімін жасап, «Мемлекеттің мықтылығы – Жас Отбасыдан басталады» саясатын ұстанып, Конституция негізінде әр жас отбасыға 10 соттық жер тегін берілуі қажет немесе мемлекеттік «Қол жетімді баспана», «Жас Отбасы» атты бағдарлама негізінде үймен, жермен қамтамасыз етуді жүзеге асырса, асырса, міне сонда ғана Жастар саясатының заңы мен тұжырымдамасы іске асты, деп ағаларымыз Президентіміздің және халқымыздың алдында жасалған жұмыстары жөнінде ауыз толтырып есеп берер еді. Міне, сонда ғана Жастар саясатына байланысты жүргізілген жұмыстар жарқырап көрініп, еліміздің саяси-әлеуметтік мәселелері едәуір шешіліп, нәтижесінде еліміздің өркені дейтін мыңдаған, он мыңдаған қыз-жігіттеріміз жауапкершілікті шынайы сезініп, еліне, жеріне деген патриоттық сезімдері одан да артып, Отанымыздың дамуы үшін қосатын үлестері еселеп артарына кәміл сенемін.
Автор: dauke | 10-03-2015, 00:14
Қарау саны: 808
    
Жарнама

Пікір жазу
Сіздің есіміңіз: *
Эл.почта: *
Жартылай семіз Қисайған мәтін Сызылған мәтін Сызылған мәтін | Сол жаққа қою Ортаға қою Оң жаққа қою | Смайлик қою Сілтеме қоюҚорғалған сілтеме қою Выбор цвета | Жасырын мәтін Үзінді қою Таңдалған мәтінді транслитерден кирилицаға ауыстыру Вставка спойлера
Қауіпсіздік коды: Қауіпсіздік кодын көрсету үшін осы суретті қосыңыз
Жаңарту, егер код көріңбесе
Кодты енгіңіз: :