ХАЛЫҚ ДӘСТҮРІ – АСЫЛ ҚАЗЫНА » Қазақша білім сайты
Жарнама

» » » ХАЛЫҚ ДӘСТҮРІ – АСЫЛ ҚАЗЫНА


ХАЛЫҚ ДӘСТҮРІ – АСЫЛ ҚАЗЫНА

• Ммақсаты: оқушылардың халық дәстүрі туралы ұғымдарын кеңейту.
Міндеттері:
білімдік: оқушыларға халық дәстүрінің маңыздылығы туралы түсінік беру;
дамытушылық: оқушыларды халық дәстүрінің мәнін түсініп, оны қадірлеп, бағалай білуге баулу;
тәрбиелік: салт-дәстүрге құрмет, елжандылық сезімдеріне тәрбиелеу.
Көрнекілік: фотосуреттер, үнтаспалар.
Шаттық шеңбері
Оқушылар мұғаліммен бірге шеңберге тұрып, бір-бірімен сәлемдеседі. Мұғалім оқушылардан халқымыздың салт-дәстүрлерін атауды өтінеді. Мұғалім оқушылардың жауаптарын тыңдап, бүгінгі сабақтың тақырыбын хабарлайды.
Оқушылар «Қазақы дастарқаным»» әнін тыңдайды. Әнді жеке дауыста орындауға немесе үнтаспадан тыңдатуға да болады.
ҚАЗАҚЫ ДАСТАРҚАНЫМ
Сөзін жазған Ж. Боранбаев
Әнін жазған М. Ілиясов
Бүгінгі ел ішінде
Дәстүрді жалғастырған.
Татулық белгісі ме?
Жағалай малдас құрған.
Қайырмасы:
Ей, менің асқар тауым!
Қазақы дастарқаным.
Өзіңсің бақ-берекем,
Ақ қайнар бастауларым.
Анаға ақ пейілді
Иілсе келін-балаң.
Ықылас, ізет еткен
Сыйластық елін табам.
Қайырмасы.
Дәм татар талай ғасыр,
Ұрпақтар абай болсын.
Кірлетпей таза ұстасын,
Халықтың шар айнасын!
Қайырмасы.
Толықсып туған айым,
Наурызым, айналайын.
Өзіңсің ырыс-құтым,
Қуаныш, думан-тойым.
Қайырмасы.
Әңгімелесу
Мұғалім оқушылардың халықтың өмір тәжірибесі, халық даналығы, оның маңызы туралы білімдерін жинақтап, ортаға салуы үшін олармен әңгімелесу жүргізеді. Әңгімелесу кезінде оқушыларға төмендегідей сұрақтар қойылады:
• Халықтың өмір тәжірибесі ұрпақтан ұрпаққа қалайша жетіп отырған?
• Халық даналығының мақсат-мүддесі неде?
• Халықтық дәстүрден қандай өнеге-үлгі алуға болады?
• Өзің үшін маңызы бар халқымыздың игі дәстүрлері туралы айтып беріңдер.
Мұғалім оқушылардың осы сұрақтарға жауап іздестірулеріне көмектесу үшін көрнекі құралдарды пайдалануға жағдай жасайды. Оқушылар халық даналығын дәріптейтін кітаптар, альбомдар, энциклопедиялар, сөздіктер, фотосуреттерді қарап шығады.
Жаңа ақпарат
Жаңа ақпаратта ұсынылған Ғ.Мұстафиннің дәстүр жайлы айтқанымен танысу оқушылардың түсініктерін кеңейте түседі.
Әр халықтың өзінше дәстүрі бар. Дәстүрдің де жақсы-жаманы болады. Жаманы жолшыбай қалып қояды, жақсысы ғасырдан ғасырға кете барады.
Қазақ дәстүрі ата-ананы, үлкенді сыйлауға баулиды. Үлкенге сәлем беру, жол беру, алдынан көлденең кесіп өтпеу, қонақты қарсы алу, төрге шығару, жақсы қабақпен аттандырып салу, жолдас-жораға қайырымды болу сияқты дәстүрлер өмір бойы ескірмейді.
Халықтық жақсы дәстүрлерді ешбір ұлы адам аттаған емес, әрбір жас дәстүрді қорғаушы, орындаушы әрі дамытушы болғай-ақ.
Ғ.Мұстафин
Мәтінмен жұмыс
Мәтінмен жұмыс жүргізу оқушылардың білімдерін кеңейтіп, олардың оқу белсенділіктерін арттыра түседі. Оқушылар сабақ тақырыбын ашатын аңыз әңгімені оқып, салт-дәстүрдің қаншалықты маңызды екеніне көздерін жеткізеді.
Мәтіннің мазмұнын жете түсіну арқылы оқушылар ата-бабамыздың ақылгөйлігі мен ұтқырлығына тәнті болады. Халқымыздың ата салтын адам баласының ғана игілігі үшін пайдаланып қоймастан, оны қоршаған ортаға қатысты қолдану арқылы өздерінің өмір салтын берік ұстанғанына көз жеткізеді. Сондай-ақ халық арасында кім болса да, атақ-даңқына, дәрежесіне қарамастан, ата салттан аттамау, оны сақтап, қадір тұтудың мәні қандай болатынын мәтіндегі оқиға дәлелдей түседі. Мұның өзі балалардың бойында халықтық дәстүрге деген сый-құрметтерін арттырып, мақтаныш сезімдерін тудырады, терең ой салады.
АҢЫЗ ӘҢГІМЕ
Баяғыда тасы өрге домалап тұрған бір хан жанына нөкерлерін ертіп, аң аулауға шығады. Орман кезіп, қыр асып келе жатса, алдынан екі көзі ботадай мөлдіреген, сауыры жез құмандай жылт-жылт еткен сұлу киік қаша жөнеліпті. Хан садақтан оқ атып, киіктің артқы аяғын жаралайды. Бір жағы құлама жар, екінші бүйірден хан нөкерлері қиқу салып, қыспаққа алғанда, жаны қысылған бейшара киік жан далбасамен сонадайдан көз тартқан ақбоз үйдің ашық тұрған есігінен ішке қойып кетіпті. Үй иелері жайылған дастарқаннан түскі тамақ ішіп отыр екен. Есіктен енген киік жаюлы дастарқаннан бір-ақ ырғып, төрдегі керегеге тұмсығын тіреп, солығын баса алмай тұрып қалыпты.
– Шығар киікті! – деп дауыстайды хан ат үстінде тұрып, төрде тамақ ішіп отырған қарияға. – Бұл тау тағысын түстік жерден қуалап келіп, сенің үйіңде қолға түсіріп тұрмын. Мұның менің олжам екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар?
Сонда қария:
– Сөзің орынды, хан ием. Киік сенің олжаң екені де рас. Бұл сорлы жаны қысылған сәтте менің төріме шығып кетті. Ортада дастарқан жаюлы жатқанын өзің көріп тұрсың. Ата салтымыз бойынша, дастарқанды аттап өте алмайсың. Көздеріне қан толып, бір-біріне өлердей жауыққан екі адамды татуластырарда дастарқан басына алып келмеуші ме еді? Тіпті хан болсаң да, дәстүрден үлкен емессің. Ал дәстүрді, қалыптасқан ата салтты бұзсаң, қалың елдің табасына қаласың, жолың болмайды, – депті.
Хан аталы сөзден жеңіліп, ат басын кері бұрыпты.
• Дәстүрді сыйлау, ата салтын сақтаудың қандай маңызы бар?
• Өздерің ата салтын қалай сақтап жүрсіңдер?
Түйіндеме
Түйіндемедегі қазақ халқы үшін аса қастерлі ұғым «ақ дастарқан» ниеттің, ықылас, пейілдің жаршысы іспеттес, ел өмірінде айнымас орын алған, берік ұстанып келе жатқан ата салты екендігі жөнінде мәлімет беріледі. Бұдан оқушылар қазақ дастарқанының атқаратын қызметін, мағыналық мәнін бағамдайды.
ДАСТАРҚАН
Дастарқан – қазақ салтында пейілдің, ықыластың, жомарттықтың белгісін танытатын, үйиесінің ниетін көрсететін берекесі. Қазақ дәстүрі бойынша әр адам қолынан келгенше барын пейілмен дастарқанға арнап, ықыласын сездіруге тырысады. Дала түлегі қазақтар қай мезгілде болса да үйіне түскен кез келген жолаушыны жатсынбайды. Ашық-жарқын қабақпен қабылдайды. Ықылас білдіріп, төрге шығарады. Содан кейін дастарқан жайылады. Жолаушы тамақтанып, сергігеннен кейін барып, үй иесі жөн сұрап, хал-жайын, бағыт-бағдарын, шаруа жайын ұғады. Бұл да ежелгі салт. Тіпті танымайтын адамды да «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп, құт санайды.
Халықтың осынау кеңпейілділігін салт ретінде берік сақтауы да ұрпақ үшін дәстүр жалғасы болып қалыптасқан.
Дәйексөз
Мұғалім оқушылардан сабақтың дәйексөзі ретінде алынған «Ата салтың – ұлттық қалпың»атты нақыл сөздің мағынасын қалай түсінетіндерін сұрайды.
Оқушылар дәйексөздің мағынасы туралы ой түйіндеу кезінде ата салт қалайша ұлттың бейнесі болатынын, неліктен ата салтқа қарап, ұлтты тануға болатынын таратып айтып береді. Мұғалім өзі қорытынды жасайды.
Тапсырма
Мұнда келтірілген халық тағылымдарының мәнін қалай түсінетіндерін оқушылардың
өз пайымдауынша айтып беруі тапсырылады.
ХАЛЫҚ ТАҒЫЛЫМЫ
І. Халықтың қасиетін кетіретін үш нәрсе бар және ол үш нәрсені жоқ қылады:
1. Ғалымдар мен қарттарды сыйламаушылық кісінің келешегін жояды.
2. Елді басқарған өкіметті сыйламау ел ішінің бірлігін жояды.
3. Асты күтпей, ысырап ету берекені кетіріп, ашығуға апарып соғады.
Оқушылар ғалымдар мен қарттарды сыйламау, өкіметті сыйламау, асты күтпей, ысырап ету сияқты қасиеттер халықтың қасиетін кетіріп қана қоймай, осының салдарынан кісінің келешегі, ел бірлігі жойылып, берекесіздікке душар ететініне көз жеткізеді.
***
Өміріңе қауіп-қатер төніп тұрса да, ел-жұртың ұялатын, рухыңа кір келтіретін нәрсеге аяқ баспа.
Сондай-ақ адамның ешуақытта ел-жұртын ұятқа қалдыратын, рухына кір келтіретін нәрсені істемеу, тіптен өміріңе қауіп-қатер төнген жағдайда да оған аяқ баспау керек екендігін халық тағылымынан ұғына түседі.
Келесі айтылған тағылымнан халық сүйіспеншілігіне бөленген адамға еш жамандық жоламайтынын, пәле-жала оны айналып өтетінін ұғады. Себебі ондай адам бекерден бекер халықтың жүрегінен орын алып, құрметке ие бола салмайды. Демек, ол адамның елі үшін қызметі ерен болған, адами қасиеті мол, ақ ниетті, таза жан болғандығын көрсетеді. Сондықтан ондай адамды халық әрдайым қолдап-қорғап, сақтайды деп ұққан жөн.
***
Халық сүймес, халық сүйген, суға батпас, отқа күймес.
***
Ата көрген оқ жонар,
Ана көрген тон пішер.
Ата-ананың тәлім-тәрбиесін алған, көрген-білгенін көкейге түйген адам өмірге бейім, шебер жан болатынын түйсіндіретін тағылымның да мәні зор.
Мұғалім оқушыларға сұрақ қойып, олардың түсінігін тиянақтай келе, берілген халық тағылымдарының мәнін түсіне білген адамның тек жақсылыққа жететінін түсіндіреді.
Шығармашылық жұмыс
Мұғалім оқушылардың сабақта алған білім-біліктерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шығармашылық жұмыс ұсынады. Оқушылар «Алтын емес, салтым қымбат» тақырыбы бойынша шағын шығарма жазады. Жазғандарын сынып алдында жария етеді.
Тапсырма
Тапсырма бойынша оқушылар екі топқа бөлініп, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар»тақырыбында пікірталас өткізеді.
Оқушылар пікірталас кезінде «дәстүрдің озығы» деп нені айтуға болады, ал «дәстүдің тозығы не болмақ» дегеннің ара жігін ашып береді. Ойларын мысалдармен дәлелдейді.
Жүректен жүрекке
Оқушылар шеңберге жиналып, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Наурыз – Думан» әнін үнтаспаға қосылып орындайды.
НАУРЫЗ – ДУМАН
Сөзін жазған М.Мақатаев
Әнін жазған Т.Сарыбаев
Наурыз, Наурыз! Күн игі,
Күн игі жердің түрі игі.
Бауыры жылып науат қар
Бабымен ғана жібиді.
Наурыз, Наурыз! Күн игі
Күн игі жердің түрі игі.
Шашылып ырыс шанақтан,
Шақырып бір үй бір үйді,
Шаттанушы еді бір игі.
Қайырмасы:
Наурыз айы туғанда
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда.
Автор: dauke | 1-03-2015, 23:30
Қарау саны: 2527
    
Жарнама

Пікір жазу
Сіздің есіміңіз: *
Эл.почта: *
Жартылай семіз Қисайған мәтін Сызылған мәтін Сызылған мәтін | Сол жаққа қою Ортаға қою Оң жаққа қою | Смайлик қою Сілтеме қоюҚорғалған сілтеме қою Выбор цвета | Жасырын мәтін Үзінді қою Таңдалған мәтінді транслитерден кирилицаға ауыстыру Вставка спойлера
Қауіпсіздік коды: Қауіпсіздік кодын көрсету үшін осы суретті қосыңыз
Жаңарту, егер код көріңбесе
Кодты енгіңіз: :